Португалиялық маман Қазақстан футбол федерациясына жаңа қызметке тағайындалды
ҚФФ Төрешілік және инспекциялау департаментінің директоры қызметіне 52 жастағы португалиялық маман Нуну Алешан ...
Қазақстанда спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесі бұған дейін де талай рет айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдаулары мен үндеулерінде бұқаралық және балалар, сонымен қатар кәсіби спорт үшін толыққанды жағдай жасау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, барлық облыс орталықтары мен аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және басқа да танымал спорт түрлерінен секциялар жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет басшысы мұны әкімдердің тікелей міндеті деп атады. Ал Үкімет спорт ғимараттары жұмысының тиімділігін талдап, осы мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылдауы керектігін ескертті.
Бұл ретте елімізде спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі мәселесі әлі де өзекті екені жасырын емес. Мәселен, «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасына» сәйкес, 2023 жылға қарай Қазақстанда 43,1 мың спорттық құрылым болса, соның ішінде дене шынықтыру-спорттық маңыздылығы бар 15,3 мың нысан, 638 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 25,3 мың білім беру мекемесі мен 2,4 мың спорт мектебі бар.
Спорт нысандарының жалпы санына бой көтергеніне 30 жылдан астам уақыт болған, әбден тоз-тозы шыққан ғимараттар кіретінін айта кеткен жөн. Басқасын былай қойғанда, Алматыдағы «Қайрат» клубының алаңы саналатын Орталық стадионның жөндеу көрмегені туралы да көп айтылды. Ал сең тек сол толассыз сындардан соң ғана қозғала бастады.
Оның үстіне салынып жатқан инфрақұрылымның басым бөлігі – жазық алаңдар. Ел бойынша жабық спорт ғимараттарының саны әлі де тым аз.
Негізгі тапшылық Астанада тіркелген. Бұл мәселе Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында да өзекті.
Сөзімізге тұздық болсын, 2024 жылы елордада тек үш спорт нысаны, ал 2023 жылы бір ғана нысан пайдалануға берілген.
Онсыз да жетпей жатқан спорт нысандарына қатысты жағдайды жемқорлар ушықтыра түсті. Мәселен, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтыр спорт саласындағы бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Агенттік жүйелі түрде мемлекеттік қаражаттың ұтымсыз жұмсалып келе жатқанына және қолды болған қаражатқа қатысты мысалдар келтірді.
Тіпті еліміздегі ең беделді әрі қымбат «Астана» клубының өзінде әлі күнге дейін футбол академиясы мен инфрақұрылымы жоқ екендігі айтылды. Алты жыл ішінде (2018-2023 жылдар) бұл клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған. Сөйте тұра спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына спорт ұйымы ақшаның басым бөлігін жалға алынған легионерлерге төлеген.
Агенттік мәліметінше, спортты дамытуға бөлінетін қомақты қаражат мақсатсыз жұмсалады. Тиісінше Қазақстан спорттық инфрақұрылым жағынан (UEFA мен FIFA стандарттарына сәйкес келмейтін стадиондар, жөндеу көрмеген БЖСМ залдары және тағы басқалар) көрші елдердің өзінен әжептеуір қалыс қалған.
Жалпы, қазақстандықтар арасында барынша танымал спорт түрі саналатын футбол жайында айтар болсақ, инфрақұрылым тапшылығы байқалатын Астана қаласында жағдай мынадай: ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елордада 37 спорт ғимараты, оның ішінде 4 стадион, 5 спорт сарайы, 25 спорт кешені және 3 ипподром бар. Олардың тек сегізі футболға арналған, тіпті оның алтауы арнайы футболға арналған стадион емес, олар жай спорт кешендері. Тек бір ғана ғимарат – «Астана Арена» олимпиадалық стандарттарға сәйкес келеді. Оның өзі бір жылға созылған жөндеу жұмыстарына байланысты биыл қолданысқа берілді. Ал екінші футбол алаңы – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион қазір жабық, себебі онда көптен күткен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әрине, жаңадан үлкен стадион салу көп қаражатты, уақытты талап етеді. Сондықтан ескі құрылымдарды қайта жасақтаса да жаман болмаушы еді, алайда соңғы статистикалар мұның өзі жеткіліксіз екенін көрсетіп тұр. Сондықтан бас қалаға жаңа, заманауи ғимараттар мен құрылыстар, соның ішінде жабық ғимараттар керек-ақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректері бойынша, еліміздегі жоғары жетістіктер спортына құйылатын қаражат Орталық Азия ғана емес, Канада, Норвегия, Нидерланд секілді спорт державаларының бюджеттерінен де бірнеше есе артық.
Ал Еуропа елдеріндегі футбол алаңдарымен біздің елдегі жағдайды салыстыруға да келмейді. Ұлыбритания, Испания секілді футбол әлемінің көшбасшыларында жағдай тіпті бөлек. Бұл елдерде шағын қалалардың өзінде әртүрлі дивизиондарда өнер көрсететін және өздерінің стадиондары мен жаттығу базалары бар кемінде үш-төрт кәсіби команда өнер көрсетеді. Айталық, «Үлкен Лондон» агломерациясының өзінде Англияның төрт жетекші футбол лигасының құрамына кіретін 13 ірі футбол ұжымы бар.
Агенттік мысал ретінде келтірген Нидерланд астанасы да бірнеше футбол клубымен және олардың жаттығу базаларымен мақтана алады.
Жоғарыда аталған Sportpark Middenmeer-де әртүрлі жабындысы бар, жабық және ашық 22 футбол алаңы қолданысқа берілген. Одан қалды бейсбол мен софтболға арналған алты алаң, тоғыз теннис корты, боччаға арналған екі алаң мен лакроссқа арналған бір алаң бар. Осы жерде футболда талай жетістікке жеткен Нидерландтың өзінде жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаражат Қазақстаннан аз екенін тағы бір еске сала кеткен жөн болар.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Қаражат тиімді әрі жанашырлықпен жұмсалса, оның нәтижесі де міндетті түрде болатынын қолында билігі бар шенеуніктер ұмытпаса екен дейміз.