• 13-03-2025

Малсақ қауымның мұраты

«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 2024 жылы өңірге 1,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Бір қолын екі ете алмай отырған малсақ қауымды қолтығынан демеп, алға бастыратын көп-көрім демеу. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының дерегіне қара­ғанда, ауыл тұрғындарының кірісін көбейтіп, қара қазанын майлау үшін респуб­ликалық бюджеттен жоғарыда аталғандай қаражат бөлінген. Қазірде «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 1 931,7 млн теңгені құрай­тын 220 өтінім түскен. Оның 1 161,2 млн теңгелік 128 өтінімі мал шаруа­шылығын дамытуға ұсынылған екен. Несие комитеті 131 өтінімді мақұл­даған. 29 ақмолалықтың қолына қаражат тиіп, ілкімді ісін бастап кеткен.

Шаруаға тиер шарапат

Зеренді ауданының малсақ қауы­мы ауылдың ажарын кіргізетін «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы құлақ­танғаннан кейін қарбалас іске кіріскен. Қазір аудан тұрғындары тарапынан 57 өтінім бағытталып, нәтижесін тосып отыр. Қаражат қолдарына тисе, ауыл тұрғындары мал сатып алып, өз төлі есебінен көбейтіп, бағар едік деп құл­шынады. Жалғыз мал ғана емес, осы өңірдегі тамылжыған табиғаттың сыба­ғасынан өз нәпақасын іздегендер де бар. Бірнеше зеренділік туризм саласында қызмет көрсетіп, ырыздығын молайтпақ болып үміттеніп отыр.

Осы арада бастан жақты айырған­дай етіп ашып айтатын бір дүние бар. Бағдар­лама бойынша қаражат алып, кәсі­бін дөңгелеткен адамдар төрт түлік малмен айналысса, түптің түбінде малдарын ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар­­дың бордақылау алаңдарына тапсыруға тиіс. Мұндай сабақтастық жүйесі екі жаққа да тиімді. Біріншіден, мал иесі алыпсатарлар­ға жем болмайды, бейнеттеніп баққан малын бордақылау алаңына бұлдап тапсы­ра алады. Есесіне, етке зәру болып отыр­ған мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорынның да қоржыны тоқ болмақ. Зеренділіктер­дің бастамасы облыста да қолдау тапқан. Ет кластерін жолға қою үшін 450 миллион теңге қаражат бөлініп отыр.

Мүмкіндікті мүлт жібермеу маңызды

Келісімшартқа сәйкес, ет комбинаты ветеринарлық қызметті жолға қоймақ. Тіпті сатып алудан бастап, малын тапсырғанға дейінгі аралықта. Жеке шаруаның қолынан мұндай жұмысты ұйымдастыру келе бермейді ғой әрі кәсі­бін бастаған адам дені сау, өнімі жоғары болатын малды таңдай алады. Бұл да аз көмек емес. «МВ4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл тұрғындарына мал азығын өз құнымен береді. Ал малсақ қауымның бағымындағы малды сатып алу кезінде базардағы бағадан жоғары төлейді. Нақтылап айтсақ, әр килосына 50 теңгеден қосылады. Бұл да бірін екі ете алмай отырған ауыл тұрғындары үшін айта қаларлықтай жәрдем.

пр

«МВ4» серіктестігінің директоры Азамат Шалмағамбетов мұндай жүйе­­нің жүзеге асырылуы ауыл тұрғын­дары­­ның еңсесін көтеретін шаруа екенін дә­лел-дерегімен айтып отыр. Әрине, серік­тестіктің ет комбинаты үшін де тиім­сіз емес. Әйтпесе, кейінгі уақытта ет комбинаты пышақ көтерер мал таба алмай, көрші облыстарды аралап сарсаңға түс­кен. Өткен жыл бойы ет комбинаты жарты­лай қуатында ғана жұмыс істепті.

– Қоңды мал іздеп көршілес облыс­тарды аралап жүрміз. Соңғы жолы 500 ша­қырым жол жүріп келдік. Бұлай жұ­мыс істеу мүлдем тиімсіз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы малсақ қауым үшін де, біз үшін де өте тиімді. Біріншіден, ауыл тұрғындарының ахуалы жақсарады. Екіншіден, ұмтылғандардың айы оңынан туғанын көрген өзгелер де ақтылы мал өсірудің тиімді екендігін іс жүзінде көретін болады, – дейді Азамат Төлегенұлы.

Жұмыс жылдамырақ алға басу үшін «МВ4» серіктестігі осы бағдарлама бойынша төрт түлік мал баққысы келетіндерге арнайы адам бөліп, көмек көрсетуде. Ол адам «Ауыл аманаты» бағдарламасына қаты­суы үшін құжаттарды дұрыс дайындауға жәрдем береді. Бір жақсысы, ет комбинаты орналасқан Айдабол ауылында және осы төңіректегі елді мекендерде бағдарлама арқылы мал баққан малсақ қауымға се­рік­­тестік есебінен сапалы ветеринар­­лық көмек көрсетіледі. Серіктестік басшысы Азамат Төлегенұлы Бурабай ауда­нын­дағы Қотыркөл ветеринарлық жоғары кол­леджінің білім алушыларын да жұмысқа тартпақ. Болашақ мамандар аптасына бір рет ауылға келіп, өз мамандықтары бо­йынша тәжірибеден өтіп жұмыс істесе, екі жаққа да тиімді. Мал тұқымын жақсарту үшін де талпыныс жасалмақ. Әулиекөл асыл тұқымды бұқаларын алып, бағдарлама бойын­ша мал баққандардың табынына қоспақ. Міне, сол кезде сіңіре будандастыру арқылы жергілікті мал тұқымы көп-көрім жақсарып қалады.

Сөз арасында серіктестіктің ет комбинаты тәулігіне елу басқа дейін мал соя алатынын айта кетелік. Осы айдың соңында Біріккен Араб Әмірлігінен арнайы делегация келмек. Оларға халал өнім қажет. Қазір кәсіпорын мал өнімдерін осы талапқа сай дайындау үшін жұмысшыларын оқыту үстінде. Бар жайды електен өткізген серіктестік басшысы мал азығы зауытын салмақшы. Зауытқа қажетті бес гектар жерді аудандық әкімдік бөлгелі отыр. Көктемде үлкен ангардың құрылысы басталмақ. Іргеде Айдабол спирт зауыты тұр. Зауыттағы астық қалдығы – таптырмайтын мал азығы. Демек, бұл жерде мал өсіруге өте қолайлы жағдай бар.

Көмек тілемейтін көпшілік

Ауыл әкімі Николай Водовозовтың пайымдауынша, «Ауыл аманаты» – ауыл тұр­ғындары үшін өте тамаша мүм­кін­дік. Әуел бастағы мақсат та ауыл тұрғын­да­рының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған, түптеп келгенде тұрақты табысы жоқтардың жағдайын жақсарту көзделген.

Осы арада бір түйткіл туындайды. Әрине, жақсы мағынасында. Айдабол ауылында атаулы әлеуметтік көмек алатын бірде-бір адам жоқ. Жұмыссыздар да саусақпен санарлық. Солай бола тұра ауыл тұрғындары бағдарлама бо­йын­ша жеңілдетілген несие алғысы ке­леді. Ауыл әкімінің ойынша, бағ­дарламадағы ережеге ішінара өзгеріс енгізсе де болар еді. Ауылдағы жұмыс істейтін адамдар да осы бағдарламаға қатыса алатын мүмкіндік туса. Бұған дейін жұмыс істеп, өз күнін өзі көріп жүр­гендер жалқау адамдар емес қой. Олардың қолынан мал бағу да келеді. Ал мал басы көбейсе, бүгінгі күні ай аралатып қымбаттап бара жатқан ет пен сүттің бағасын түсіруге мүмкіндік тууы да ғажап емес.

Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, бағдарлама бойынша әзірге бір-ақ адам қаражат алған. Екі үміткер өтінімдерінің нәтижесін тосып отыр. Одан өзгелері де үмітті. Іске береке үйірілсе, ауыл жастары жайлы жер іздеп көшіп кетпес еді.

Үміткерлер ұмтылысы

Ерлі-зайыпты Татьяна Королевская мен Ақбай Ивахиндер – жеке кәсіпкер­лер. Ауыл тұрғындары үшін жақсылық-ша­рапаты мол бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжат тапсырып, нәтижесін ­то­­­сып отыр. Несие көлемі жеке кәсіпкер үшін­ ­­2 500 АЕК, яғни 8,6 млн теңгеге тең. ­Қа­­ра­­жат қолдарына тисе, сүтті бағыттағы ­­қара малдың бірнеше бұзауын сатып ал­мақ. Үміткерлердің ойынша, бұл өте тиімді. Сүтін тапсырып, қаражат тапса, төлін бор­дақылап сатуға болады. Ақбай Ива­хин бағдарламаға қатысуға ниеттенгелі ауыл әкімі мен серіктестік директорына ақыл-кеңес сұрап жиі келетін болған. Онда­ғысы қажетті құжаттар жайы, ал­дағы істі дамыту мәселелері. Ал мал жайын өздері де жақсы біледі.

– Қаржыландыруын ұзағырақ тосу­ға тура келеді екен. Біз сатып алатын малы­мыздың иелерімен келісіп те қойып едік, – дейді Ақтай Ивахин, – өзге біреулерге сатып жібермесе болғаны.

Таяуда серіктестік директоры Азамат Шалмағабетов Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаровтың қабыл­дауында болыпты. Кәсіпкер өңірдегі ет өнімдерін молайтудың мәселелерін жа­йып салған. Министр де қызығушылық танытыпты. Бағдарлама баянды болса, ел ішінде ырыс үйірілетіні сөзсіз.

Ақмола облысы