• 13-03-2025

Өзбекстанмен шекарада халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы ашылады

Орталықтың жалпы аумағы 100 га болып белгіленді, тараптар елу гектардан жер бөледі.

Сенат Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы" келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өзбекстан – Орталық Азиядағы Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен қолдауға негізделіп, түрлі бағыттарда қарқынды дамуда. Мұны көпжақты экономикалық ынтымақтастық айқын дәлелдейді және соңғы жылдары екі елдің негізгі өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп келеді. Аталған келісімді жасасу – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-отырысының шешімін іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі", — деді сенатор Алишер Сатвалдиев.

"Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы өңірдегі ең ірі жүк ағындарын біріктіру, өңдеу және тарату, сондай-ақ "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы ретінде қызмет атқарады.

"Бұл орталық Қазақстанның "Атамекен" және Өзбекстан жағынан "Гулистан" бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасады. Ол өндірістік алаңдардан, қоймалардан және көлік инфрақұрылымынан тұратын болады. Мұндай шешім жүк тасымалын жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, өнімнің соңғы тұтынушы үшін құнын төмендетуге және жеткізілімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Келісімге сәйкес, орталықтың жалпы аумағы 100 га болып белгіленді. Тараптар елу гектардан жер бөледі. Бұл аумаққа аймақтық индустриялық аймақ мәртебесі беріледі", — деп атап өтті депутат.

Түркістан облысы өткізген ашық конкурс нәтижесінде "Trans Continental Logistic Gr" компаниясы тікелей инвестор ретінде анықталды. Инвестор орталықтың ішкі және сыртқы инфрақұрылымына қаржы құятын болады. Алдын ала бағалау бойынша, қажетті инвестициялар шамамен 27 млрд теңгені құрайды. Инвестициялық келісімдерге қол қойылған соң нақты қаржыландыру шарттары мен сомасы нақтыланады.

Қазіргі уақытта инвестор орталықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Техникалық іске қосу 2026 жылдың 4-тоқсанына, ал ресми ашылу 2027 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған.

"Орталық жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруды, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеуді, сондай-ақ фармацевтика, электротехника, химия, тері өңдеу, тоқыма және тігін өнеркәсібі саласындағы өндірісті дамытуға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, "Global Textile" компаниясының дайын тоқыма өнімдерін өндіру жобасы іске асырылмақ. Келісімді ратификациялау – "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру арқылы шекара маңындағы елдермен екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға және өндірушілер мен кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыруға мүмкіндік береді", — деді ол.

Бұл өз кезегінде тауар айналымын алдағы бес жылда 10 млрд долларға дейін арттыруға ықпал етеді.