Ұлттық құрылтайға қатысушылар еліміздің әр өңірінен келді
Ұлттық құрылтайдың жұмысы елдің тарихи жадын жаңғыртуға, ұлттық құнды лықтарды ұлықтауға және жаңа са ...
Елімізде бидай экспорттаушылардың көлік шығынын өтеу мақсатында субсидия төлеу қарастырылып жатыр. Бұл үшін шамамен 40 миллиард теңге бөлу көзделген. Осы қаржының көмегімен 2 миллион тонна астық шетелге шығарылмақ. Дегенмен бірқатар бағыт бойынша тасымалдау қызметінің қымбаттауы астық сатушы компаниялар мен трейдерлерді ойландырып отыр.
Бидай экспортына субсидия төленетіні астық өсірумен айналысатын шаруаларды қуантып тастады. Себебі бұл екі бірдей маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді. Оның бірі былтыр өнім мол жиналды, бірақ оны өткізуде қиындық туындады. Екіншісі бидайға толған қамбаны босатып, келесі науқанға дайындау. Қазір бірқатар өңірде элеваторларды астықтан босату – өткір тұрған мәселе.
Евгений Карабанов, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:
- Күзгі және қысқы кезеңде біздің нарықта астық өте арзан болды. Әсіресе бидайдың құны көңілден шықпады. Сондықтан дәл осы дақылға қолдау керектігі сезілді. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігіне көмек керектігі туралы ұсыныс айтылып, лайықты бағада сату керектігі жеткізілді. Нәтижесінде қолдау көрсетілді.
Субсидия бидай экспорттаушылардың көлік шығынын өтеуге бағытталмақ. Жақын елдерге кететін өнімнің әр тоннасы үшін 20 мың, ал алыс мемлекеттерге жөнелтілетін бидайдың тоннасына 30 мың теңгеден қарастырылған. Бірақ фермерлер қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, бұдан шаруалардың ұтатыны шамалы. Өйткені қазір астықты теміржол арқылы тасымалдау қызметінің бағасы қымбаттаған.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Енді бұл жерде цифрмен айтсақ, мысалы, Қазақстанның солтүстігінен Өзбекстанға бір астық вагонын жіберсе, еліміз 500 мың теңге болса, қазір осы көтерілу салдарынан миллион теңге болайын деп тұр. Яғни 1 тонна бағасы 30-35 долларға қымбаттайды. Осының кесірінен жаңағы берліп жатқан 40 млрд теңге 2 миллион тоннаға, осы КТЖ-ның баға көтеру кесірінен ешқандай да көмегі болмайын деп тұр. Бұл мәселе де Премьерге жеткізілді. Біраз астық сатылып, өзіміздің қоймаларымызды босату керек дегендей біраз ұсыныс айтылды.
Мамандардың айтуынша, бидай экспорты әзір күн тәртібінен түспейді. Себебі былтыр елімізде 26 млн тоннадан астам астық жиналса, соның 10 млн тоннасы ішкі нарықтың қажеттілігін өтеуге бағытталады. 12 млн тоннасы экспортқа жөнелтілуі керек. Қазақстан астығын бүгінде 40-қа жуық ел тұтынады.
Зүлфира Баширова, ҚР АШМ Егіншілік департаменті директорының орынбасары:
- 3 наурызда жаңа тәртіп қабылданды. Оның ішінде көлік шығынын субсидиялау мәселесі де қаралды. Бұл ретте экспорт бағыты назарға алынады. Жалпы біздің астығымыз әлемдік нарықта сұранысқа ие екенін атап өту керек. Соңғы уақытта Солтүстік Азия мен Оңтүстік Азия елдеріне де бағытталатын болды.
Ал көктемгі егіс жұмысына қажетті отандық тұқым қоры жеткілікті. Науқанды сапалы жүргізу үшін шаруаларға әдеттегіше қолдау көрсету көзделіп отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Әбілдин