• 14-03-2025

Президент кәмелетке толмаған баласы бар сотталған әйелдерге қатысты кейбір заңды қайта қарауды тапсырды

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өзіне белгілі адвокат Айман Омарованың хат жазғанын айтты.

Президенттің сөзінше, құқық қорғаушы хатында әйелдер колониясының күрделі жағдайды сөз еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев "қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек" деп есептейді.

– Маған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдады. Ол өз хатында күрделі тақырыпты қозғап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударды.

Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті.

Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, "Заң мен тәртіп" қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек, – деді Президент.