• 14-03-2025

Қазақстанда ЭЦҚ пайдалану ережесі қатаңдатылды

13 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіліп, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалануға қатысты ережелер күшейтілді.

Өзгенің ЭЦҚ-сын қолдануға тиым салынды. Енді өзіңіздің ЭЦҚ кілтіңізді үшінші тұлғаларға, тіпті бухгалтерге немесе заңгерге беру айыппұл салуға әкеледі. Бұл жаңалық шағын және орта бизнеске, сондай-ақ аутсорсинг бухгалтерлік компанияларына үлкен қиындық тудыруы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Заңға қандай өзгеріс енгізілді?

ҚР ӘҚБтК 640-бабына енгізілген жаңа 6-тармаққа сәйкес, бөтен адамның ЭЦҚ жабық кілтін пайдаланғаны үшін белгілі мөлшерде айыппұл салынады:

  • Жеке тұлғалар үшін – 50 АЕК (2025 жылы 196 600 теңге);
  • Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК (393 200 теңге);
  • Орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК (589 800 теңге).

Осылайша, ЭЦҚ-ны басқа біреудің пайдалануы енді меншік иесінің келісіміне қарамастан заңбұзушылық болып саналады. Ол туралы online.zakon.kz платформасында жарияланды.

Бизнес пен бухгалтерлер үшін қандай қауіп бар?

Жаңа ереже әсіресе бухгалтерлерге қиындық туғызады, өйткені олар салық есептілігін тапсыру, электрондық шот-фактураларды рәсімдеу және басқа да қаржылық операциялар үшін клиенттерінің ЭЦҚ-ларын жиі пайдаланады. Енді кәсіпкерлер барлық құжаттарға өздері қол қоюы керек. Бұл жұмыс жылдамдығын баяулатып, қосымша қиындықтар туғызады.

Басты мәселелер:

  • Құжат айналымының қиындауы. Бизнес иелері енді әрбір есеп пен құжатқа жеке қол қоюы керек, бұл жұмыс процестерін күрделендіреді.
  • Аутсорсинг қызметтеріне қауіп. Бухгалтерлік қызмет көрсететін компаниялар клиенттерін жоғалтуы мүмкін. Өйткені олар ЭЦҚ-сыз толыққанды жұмыс істей алмайды.
  • Қаржылық шығындар. Бухгалтерлік қызметтердің құны артады, өйткені жаңа талаптарды орындау үшін қосымша қызметкерлер мен уақыт қажет.
  • Әкімшілік жауапкершілік. Егер кәсіпкер өз ЭЦҚ-сын бухгалтерге берген күннің өзінде, бұл анықталған жағдайда айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Бұл мәселені қалай шешуге болады?

  • Мәселенің жағымсыз әсерін азайту үшін мамандар оны шешудің бірнеше жолдарын ұсынды:
  • Альтернативті авторизация әдістерін енгізу. Мемлекеттік қызметтер бухгалтерлер мен заңгерлерге клиенттің ЭЦҚ-сын бермей-ақ құжаттарға қол қоюға мүмкіндік беретін жүйені әзірлеуі керек.
  • Кәсіби мамандар үшін ерекше ережелер бекіту. Ресми келісімшарт бойынша жұмыс істейтін бухгалтерлік және аутсорсингтік компанияларға клиенттердің ЭЦҚ-ларын пайдалану құқығын заңдастыру.
  • Сенімгерлік қол жеткізу жүйесін құру. ЭЦҚ-ны нақты белгіленген құқықтар мен жауапкершіліктер негізінде сенімгерлікпен беру мүмкіндігін қарастыру.
  • Қабылданған өзгерістер бухгалтердің кәсіби міндетін орындауын қиындатса, кәсіпкерлердің қаржылық және заңдық мәселелерді тез шешуіне кедергі келтіреді. Ақырында бизнес бюрократия мен артық шығындарға тап болып, бұл ел экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Егер билік ЭЦҚ-мен жұмыс істеудің балама тәсілдерін ұсынбаса, кәсіпкерлерге заңды айналып өтудің жолдарын іздеуге немесе өз бетінше бухгалтерлік есеп жүргізуге тура келеді. Бұл бизнестің тиімділігін төмендетуі мүмкін.