Ел мергендері Шымкентке жиналды
Аймақта ересектер арасында стенд атудан Қазақстан кубогының алғашқы кезеңі басталды. Жарысқа елді ...
Әлеуметтік желі балаға қауіпті ме? Кейінгі уақытта бұл мәселе жиі көтеріле бастады. Тіпті халық қалаулылары жаңа заң жобасын қарастыру керек деп дабыл қағып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық тикток желісіне шектеу қойылатынын мәлімдеді.
Елордалық мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы: «Оқушылардың тілін түсінемін десең, олармен бір толқында болу керек»,– дейді.
Ақмоншақ Нұртазақызы, І. Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры
-Қазір енді альфа ұрпағы дейміз ғой, көзқарас өмірге деген өзгеше ғой. Солармен бір толқында болу дұрыс деп шешіп, жақында осы 3 ай ғана болды, блог жүргізіп бастап, тикток түсіріп, инстаграм жүргізіп, оқушылармен бізде чат бар. Ол туралы өзімнің постымда да жазған болатынмын.
Егер де оқушылар расында тек директорымен тренд түсіріп, әлеуметтік желінің игі жағын таныса жақсы еді. Бірақ әлеуметтік желінің жасөспірімдер мен балалар үшін ұтымды тұсынан гөрі, жағымсыз жағы басым болып отыр»,– дейді депутаттар. Халықаралық Касперский зертханасының мәліметінше, Қазақстандағы балалардың 88% жеке смартфон бар, 28% бос уақытында телефонға телміріп отырады. Жасөспірімдердің 74%-ы тикток, 59%-ы YouTube, 57% Instagram желісін белсенді қолданады. Ал 4-6 жас аралығындағы балалардың 17%-ы онлайн сауда жасай алады.
Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Еліміздегі әрбір 5 ата-ананың бірі балаларының не салып, не жариялап, қарап отырғанынан хабарсыз. Көпшілігі мына уақыттың шектеуге байланысты, ата-ананың бақылауы бар қосымшаларды пайдаланабайды. Яғни бақылаусыз кеткен деген сөз.
Дәрігерлер де дабыл қағуда. Себебі соңғы уақытта көзі нашарлап, омыртқасы қисайған бала саны көп. Ең қиыны, олар шынайы өмірден гөрі, виртуалды әлемге жақын. Сол себептен мінез-құлықтары да өзгерген.
Асылым Хасенқызы, балалар дәрігері:
-Ең маңыздысы – уақыт шектеулерін қою. Яғни күніне тек 1-2 сағаттан артық әлеуметтік желіні, телефонды қолданбау. Екінші – баланың психологиясына мән беру. Яғни баланың көңіл күйі бар ма, жоқ па, сабақ үлгерімі қалай? Оның барлығына ата-анасы жауапты, иә. Баланың әлеуметтік желідегі достары кім? Олар немен айналысады? Соның барлығын ата-анасы білгені дұрыс. Ең басты нәрсе, ол ата-анадан көргенін жасайды иә, яғни сіз үлгі болуыңыз қажет.
Елімізде «Смартфонсыз мектеп» жобасы іске асты. Бірақ мұның өзі мәселені түбегейлі шеше алмайды.
Жадыра Ахтанова, педагог-психолог:
-Өйткені, қазір біз сабақта отырып, балаларға қолындағы мессенждерді тартып ала алмаймыз. Өйткені ол заңда қорғалмаған. Біз біреудің жекеменшік затын алуға біздің құқымыз жоқ. Жаңағы сабақты жүргізіп тұрған пән мұғалімі телефонмен отырған 1 рет, 2 рет ескертуі мүмкін, бірақ қолындағы оның жеке затын тартып алуға ол кісінің құқығы жетпейді.
«Міне, осы ретте ұлттық құндылықтарға, дәстүрімізге қайшы келетін, теріс әдетке шақыратын барлық контенттерге ішінара немесе толық шектеу қою керек»,– дейді депутаттар.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Тиктоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүрімізге, салтымызға қайшы келетін балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шек қою. Екінші елімізде тиктокты кәмілеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шек қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек деп есептейміз.
Жуырда ғана отандық тикток желісінде «Отбасылық баптаулар» және «Демалыс» деп аталатын жаңа функциялар қосылды. Мұнда балаңыздың уақытына шектеу қойып, оның қандай контент қарап отырғанын бақылай аласыз.
Авторлары: Алуа Маханбет, Қайрат Ақтөреев