• 19-03-2025

Конституциялық соттың жаңадан құрылуы айрықша болды - депутат

I’m Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басталған түбегейлі саяси реформалар Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған еді. Осы орайда бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үнзила Шапақ өзінің пікірін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Депутаттың пікірінше, оның ішінде, айрықша, шоқтығы биік өзгерістің бірі – Конституциялық соттың жаңадан құрылуы.

«Біріншіден, Конституцияның үстемдігін толыққанды қамтамасыз етуде билік тармақтарындағы тежемелілік пен тепе-теңдік жүйесін, мемлекеттік биліктің тұрақтылығын сақтауға жол ашылды. Демократиялық жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдар жасала бастады. Президент пен Парламент сайлауын өткізудің дұрыстығын, тіпті референдумның барысын бақылайтын толыққанды институтқа айналды.

Екіншіден, адам құқығын қорғаудың конституциялық механизмін кеңейтті. Бұрын Конституциялық кеңеске Президент, Премьер-министр, Парламент палаталарының спикері, депутаттар санының бестен бірі және судьялар ғана жүгіне алатын. Қазір бұл аталғандардан басқа еліміздің Бас прокуроры, адам құқығы жөніндегі Уәкіл, сонымен қоса барлық азаматтар жүгініп, өз мәселесін шешуге мүмкіндік алды.

Үшіншіден, қолданыстағы заңдардың және олардың жекелеген нормасын Конституцияға сәйкестігін тексеру құзыреті қарқынды жұмыс істеп жатыр. Конституциялық сот құрылғалы 9000 мыңнан астам азамат жүгініп, оның 8 пайызға жуығы конституциялық өндірістен өтіп, өз шешімін тапты. Сөйтіп, бұрынғымен салыстырғанда конституциялық құқықтық мониторинг ауқымы кеңейіп, нормативтік-құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін тексеру нәтижесі заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға, заңнаманың жетілдірілуіне негіз болып отыр», деді депутат.

60 мемлекет мүше болып табылатын Еуропа Кеңесі жанындағы Венециялық комиссия құрамында 8 жыл жұмыс істеген Үнзидла Шапақ әлем елдерінің конституциялық бақылау органдары жұмысын салыстыра талдап айта алатынын тілге тиек етті.

«Бүгінде әлемнің 119 елінде конституциялық бақылау органы жұмыс істейді. Кейбір елдерде оны сот билігі жүзеге асырады, кейбіреулерінде Парламент қабылдағанға немесе қол қойылғанға дейін заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексерумен, яғни алдын ала бақылаумен ғана шектеледі. Басқа елдерде конституциялық бақылау органдары қолданыстағы заңдарға қатысты кейінгі бақылауды жүзеге асырады. Енді келесі бір елдерде конституциялық бақылау үлгісі алдын-ала және кейінгі бақылау элементтерін біріктіре отырып, аралас сипатқа ие», деген мәжілісменнің айтуынша Қазақстанда көптеген елдерде тараған үшінші үлгі енгізілді, яғни адамдар Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, өзінің азаматтық құқығын қорғай алады.

Ү.Шапақтың сөзінше Конституциялық сот өмірімізге енгелі, ел азаматтарының сот жүйесін бағалауы байқалып, белсенділігі артты. Оны нақты цифрдан да байқауға болады.

«Мәселен, Конституциялық сот өндірісіне 9000 астам өтініш түскені – соның айқын дәлелі. Венециялық комиссия мүшесі, француз Клер Бази Малоридің пікірінше, Конституциялық әділ сот бойынша Қазақстан моделі Еуропалық модельге етене жақындаған», деді депутат.

Депутаттың айтуынша, әрине, бәріміз де құқықтарымыз бен бостандығымыз әділ және конституциялық кепілдендірілген құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келеді.

«Бұл ретте, Конституциялық Соттың шығарып жатқан шешімдерінің орындалу механизмін жетілдіру өте маңызды. Мәселен, Конституциялық Сот құрылған сәттен бастап 68 нормативтік қаулы шығарды. Оның ішінде 18 қаулы бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды, 20 қаулы Мәжілістегі заң жобалары құрамында қаралып жатыр», деді мәжілісмен.

Үнзила Шапақтың пікірінше, шешімдердің барлығы дерлік адамдардың конституциялық құқықтарына қатысты болғандықтан, олардың шұғыл орындалуын қамтамасыз ететін механизмді жетілдіру керек, сонымен қоса, Ата заңға қайшы деп танылған шешімдердің күшін дереу жою, бұзылған құқықты тезірек қалпына келтіру механизмін оңтайландыру да маңызды.

«Бүгінде қабылданып жатқан әрбір шешім – ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам.

Біздің басты міндетіміз – осы реформаларды тиімді жүзеге асырып, олардың халық өмірінде нақты нәтижесін көру.

Мен заң саласында, оның ішінде Конституциялық Кеңесте қызмет атқарған азамат ретінде Ата заңымызға енгізілген өзгерістердің өте ауқымды әрі тиімді екенін нақты айта аламын», деп пікірін түйіндеді депутат.