Конституциялық соттың жаңадан құрылуы айрықша болды - депутат
I’m Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басталған түбегейлі саяси реформалар Мемлекет басшысының бастама ...
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса еліміздегі саяси реформалардың атқарылу барысы туралы пікір білдірді, деп жазады Egemen .kz.
Депутаттың пікірнше, салиқалы саяси реформа нәтиже берді, Президент Жолдауынан бері үш жылдың ішінде іргелі өзгерістер жасалды.
«Ұлттық қордан балалар болашағы үшін қаржы салуды алдымен өздерінің жеке байлықтарын көбейтуді ойлаған бұрынғы билік ешқашан болуы мүмкін еместей көрсететін. Ал қазір бәрі де мүмкін болып, әр баланың есепшотына алғашқы салымдар түсіп жатыр», деген депутат сөйлеген сөзінде жалпыхалықтық референдум, Парламент ықпалының артуы, Үкімет жауапкершілігі, Конституциялық соттың құрылуы, жаңарған ауыл әкімдері т.б. туралы тілге тиек етті.
Қ.Иса жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бойынша тамырымыздың тереңдігін, тарихымыздың кемелдігін көрсететін ірі іс-шараға тоқталды.
«Қазақ хандарының бабасы, Алтын Орданың атасы Жошы хан құрған, Ұлық Ұлыстың негізі қаланғанына 800 жыл толуын мерекелеу ұлттық рухымызды көтеріп кеткен елдік маңызы ерекше зор рухани серпіліс болды. Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері — Ақордалы Қазақ Елі!», деді депутат.
Депутат сөйлеген сөзінде Жошы ханға Ұлытауда, Алаш көсемдеріне елордадан бастап, көптеген қалаларда асқақтаған ескерткіштер орнап жатқанын, бұл істердің барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей пәрменімен іске асырылғанын атап өтті.
Қазыбек Исаның пікірінше, Ұлттық дамудың негізі – ұлттық идеологияда жатыр.
«Тарихтан белгілі, қандай ел болса да, Ұлттық идея болмаса, дамуы қарқынды болмайды! Кеше өткен Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы тапсырған мемлекеттің ішкі саясат тұжырымдасын жасауды тапсыруы – Ұлттық идеологияның бастамасы екені анық. Қазақстанның Ұлттық идеологиялық концепциясын жасаған партия ретінде «Ақ жол» ішкі саясат тұжырымдамасын жасауға өз үлесін қоса алады», деген депутаттың айтуынша, Ұлттық бірегейлікке бастайтын Ұлттық идеологияның негізі – мемлекеттік тіл! Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қазақ тілі – ұлттық бірегейлігіміздің нышаны. Ел бірлігін нығайта түсетін басты құндылығымыз!» деп, атап көрсеткендей, бірегей ұлтқа айналуда мемлекеттік тілдің мерейі артуын іске асыруға бәріміз өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
Сонымен қоса, депутат Қазыбек Иса жер қойнауы — халық меншігі екенін, 2022 жылы жаңадан ашылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары дамып келе жатқанын, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» қабылданған заң туралы және Ұлттық құрылтай туралы айтты.
«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған, биыл төртінші рет өтіп, төрт құбыламызды түгендеп жатқан Ұлттық құрылтай жалпыұлттық диалог алаңына айналды. Ұлттық Құрылтай — Қазақ тарихындағы елдің ең маңызды мәселелері шешілетін ұлы жиын — Құрылтайдың бүгінгі жаңа заманға сай жаңғырған үлгісі», деді депутат Қазыбек Иса.