• 26-03-2025

Түркістан облысында соңғы 3 жылда 188 ауыл әкімін халық сайлаған

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Түркістан облысында соңғы үш жылда 188 ауыл әкімін халық сайлаған. Биыл тағы 69 әкімді ауыл азаматтары өздері таңдайды. Жергілікті басқарудағы бұл жаңашылдық жақсы нәтиже беріп келеді.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Бірлік ауылдық округіне жеті ауыл қарайды. Бес мыңнан астам халқы бар. Тұрғындар төрт жыл бұрын ауыл әкімін сайлап алды. Жаңа басшы келген соң, жылдар бойы қордаланған біраз мәселе шешілген.

Сәлима Мұхтарханова, Бірлік ауылының тұрғыны:

Жас болса да, бас болып істеп жатыр ғой. Свет құрылып жатыр. Ауылды жарқыратып қойды. Ауылдың ішінде жол салынып, тас төгіліп, балдардың аяғы лайға батпасын деп барынша әрекет жасап жатыр. Мүгедек балаларға да жәрдем беріліп жатыр. Ақшалай жәрдем беріп жатыр.

Бірліктің жұрты ауызбіршілігімен мақтанады. Демеушілердің арқасында тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек беріліп, бірнеше баспана салынуда. Балалар үшін екі бірдей спорт алаңшалары ашылды.

Елдімекенде жуырда ғана жаңа емдеу мекемесі ашылды. Енді халық аудан орталығына сабылмайды. Төрт түлікті тіршілік көзі еткен ауылда соңғы жылдары жайылым жерлер мемлекет меншігіне қайтарыла бастады.

Шері Шындуәлетов, Бірлік ауылының тұрғыны:

Шүкір жақсы, жаман емес. Халықтың әжетінің бәрін шығарып жатып жатыр. отыз жылдан бері қайтпаған жерлеріміз қайтып жатыр. Мал өсіп жатыр. Ауылымызға газ келіп жатыр.

Тұрғындар енді ескірген электр желілерін ауыстырып, ауылдың ішкі жолдарын жаңартуды сұрайды. Бұл мәселе округ пен ауданның бюджетіне қарап шешіледі дейді әкім. Жұмысты жүйелеуге ауыл ақсақалдары да қолғабыс етпек.

Әбдіжәміл Серікбаев, Бірлік ауылдық округінің әкімі:

Ауылдың билерін барлығын, қоғамдық кеңес, ауыл ақсақалдарын шақыра отырып, ақылдаса отырып жұмыс атқарамыз. Әр жылы әр елдімекеннен бір бір көше істеп беруге әрекет жасаудамыз. Әлі де атқарылатын жұмыс көп. Жылда қолдан келгенше елге қызмет етудеміз.

Ауыл тұрғындарына «ашық әкімдік» жүйесі арқылы қызмет көрсетіледі. Жақсы үрдіске жергілікті жұрт та үйреніп қалған. Ауылда мәдениет үйі мен кітапханаға бар, балалар үшін үйірмелер жұмыс істеп тұр.

Айнұр Әбілқасымқызы