• 02-04-2025

1 сыныпқа құжат тапсыру тәртібі

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

Ертең таңғы 9-дан бастап Республика бойынша 1 сыныпқа құжат қабылдау басталады. Білім және жоғары ғылым министрлігі биыл 370 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттайды деп болжап отыр. Ведомтсвоның ақпаратына сенсек, білім беру мекемелерінде орын тапшылығы болмауы тиіс. Құжатты қалай, қайда тапсырамыз? Тілшіміз Ақниет Балтанова тарқатады.

Ақниет балтанова, тілші;

Бірінші сыныпқа баратын балалардың құжаты 1 сәуірден бастап, 31 тамызға дейін қабылданады. Мектепке алты жасар балалар мен жыл соңына дейін 6 жасқа толатын бүлдіршіндерді қабылдауға рұқсат. Қандай құжаттар қажет?

- ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;

- денсаулық жағдайы туралы анықтамасы және

- баланың денсаулық паспорты;

- Сондай-ақ 3х4 өлшемді 2 сурет.

Білім беру ұйымдары осы тізімнен тыс өзге құжаттарды тапсыруды талап етуге құқығы жоқ. Құжат өткізудің бірнеше жолы қарастырылған.

Бірінші, электрондық үкіметтің еgov.kz порталы арқылы жүзеге асады. Ең алдымен электронды цифрлық қолтаңба кілтін (ЭЦҚ) алыңыз. Содан соң, «БІЛІМ» бөліміне кіріп, «ОРТА БІЛІМДІ» таңдайсыз. Оның ішінде «1 СЫНЫПҚА ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ» тетігін басып, «ОНЛАЙН СҰРАУ» парағына өтіңіз. Өтінішті толтырып, жоғарыда атап көрсеткен құжаттар легін тіркейсіз.

Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

Екінші нұсқа, тікелей мектепке барып, құжаттардың көшірмесін өткізу. Яғни дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс уақытында өтініш қалдыра аласыз.

Гүлназ Есжанова, ҚР ҒЖБМ Орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:

Ата-ананың өзінің тіркелуі қай жерде болады, бала да сол арқылы тіркеледі. Бізде мынадай қағида бар, 3/1 деген. 3 бала өз ауданынан тіркеле алады және 1 бала сырттан. Басқа мекен-жайдан тұрса да, ұнатқан мектебіне барып тіркеле алады.

Ақниет Балтанова, тілші:

Елімізде жұмыс бабымен яки уақытша тұрақтаған шетелдіктер мен қандастар үшін де құжат тапсыру талабы бірдей. Тек баланың туу туралы куәлігі мен заңды өкілінің жеке куәлігін қоса тіркеу қажет. Сондай-ақ елде тұруға рұқсат ыхтиярхаты мен көші-қон картасы қатар тапсырылады. Ал баланың денсаулық паспортын өткізу міндеттелмейді.

Ережеге сәйкес, балаларды конкурстық негізде қабылдау мен білім деңгейіне сай сыныптарға бөлуге тыйым салынған. Құжатты ерте тапсырғаныңызбен балаңыздың бірінші сыныпқа қабылданғаны туралы бұйрық 25 тамыздан кейін жарияланады. Десе де сала мамандары ертерек қамданып, білім беру ұйымын тиянақты таңдауға кеңес береді.

Ақниет Балтанова