• 16-06-2025

ШҚО-да «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өтті

Шығыс Қазақстан облысында қайтадан құрылған шекаралық қос аудан Қатонқарағай мен Марқакөлде қазір жан-жақты серпіліс байқалады. Елдің әлеуеті әлденіп, мәдени-әдеби шаралар өте бастады. Соның бірі — Қатонқарғай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль. Биылғы фестиваль қазақтың қос классик жазушысы Қалихан Ысқақтың 90, ал Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдық мерейтойына арналды.

Қос қаламгерді ұлықтауға арналған поэзия фестивалінде ақындар лаулаған ошақтың қасында Алтайдың аспанын ақбұлқақ жырға бөледі. Жыр бәйгесіне еліміздің бірнеше өңірінен 15 ақын қатысты.

Фестивальге қатысқан әр ақынға 500 мың теңгеден облыс әкімінің бірреттік гранты берілді. Ал Қалихан мен Дидахметтің шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда әдебиеттанушы-ғалымдар мен ақын-жазушылар көлемді баяндамалар жасап, естеліктер айтты.

Әлібек Қаңтарбаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

Бүгінде проза жанрында оқушылардың саны мүлдем азайып кетті. Сондықтан прозаға келешек жастарымызды қызықтыру керек. «Абай әлемі» атты сериямен қос жазушының кітабын шығарып, алып келдік. Бүгінгі кеште сыйлы қонақтарға таратылады.

Қос қаламгердің шығарамалар жинағының тұсауы кесіліп, таныстырылып таратылды. Ал шығыста араға біраз жыл салып, биыл қайта жалғасқан фетивальге 10-нан аса мемлекеттен келген өнер жұлдыздары қатысты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы үлкен музыкалық фестиваль арқылы түркі әлемінің рухын әлемге танытайық. Оның артында Қатонқарағай ауданы жақында ғана ашылған. Оның әлеуметтік экономикалық дамуы бойынша біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Фестивальдың мақсаты — түркі мәдениетін насихаттай отырып алыс-жақыннан келген қонақтарға шығыстың тұмса табиғатын көрсетіп, турист тарту. 3 күн бойы өткен әдеби-мәдени шаралар сол мүддеден шықты. Халықаралық ақындар айтысы да өтті. Ал тақымы темір жігіттер көкпар тартса, арғымақтар бәйгеге қосылды.

Олжас Керейхан