• 21-11-2025

ШҚО-дағы Асубұлақ ауылының тұрғындары бау-бақша суғара алмай отыр

Шығыс Қазақстанда бүтін бір ауыл бау-бақша өнімінсіз қаламыз ба деп алаңдайды. Асубұлақ тұрғындары аптап ыстықта үй іргесіндегі көкөністерін суғара алмай отыр, деп хабарлайды 24kz.

Биыл елді мекенде ауызсу құбырын тарту жұмыстары басталды. Алайда көп ұзамай Асубұлаққа келетін техникалық су мүлдем тоқтап қалған. Енді ауыл тұрғындары ұңғымадан су тасып, амалдауға мәжбүр.

Асубұлақ ауылының тұрғыны Бақыт Рамазанованың әр күні осылай басталады. Таң атысымен ауыл шетіндегі өзенге асығады. Ыдысына су толтырып, арбасын сүйреп, ауласына жету де оңай емес.

Азын-аулақ бақша зейнеткер үшін көп-көрім көмек. Техникалық су тоқтағал, еңбегім еш кете ме деп алаңдаулы.Сондықтан әзірше өз күшіне ғана сеніп отыр.

Бақыт Рамазанова, Асубұлақ ауылының тұрғыны:

- Жақсы болған, кішкене су келетін еді бау-бақшама, ал биыл, міне, тұр су тасыған қиын болып. Жалғыз өзім тұрам, балаларым алыста тұрады.

Осыған дейін техникалық су ауылға ескі желі арқылы кеп тұрған. Алайда көктемде ауызсу құбырын жаңарту жұмыстары басталған кезде құрылысшылар оны қазып алып тастаған. Өйткені шаруаға кедергі келтірген. Енді сенделген жұрттың бірі өзенге ағылса, екіншісі көршісінің колонкасына телміруге мәжбүр.

Ольга Брайцева, Асубұлақ ауылының тұрғыны:

- Бақшаны суғару үшін көршіге барамыз. Әкімдікке айтып едік: «Бір жыл осылай шыдай тұрыңдар», — деді. Көп-көрім көктеп келе жатқан бау-бақшамыз енді қандай өнім береді білмейміз.

Жергілікті әкімдік өкілдері жұртпен кездесіп, шағымдарын тыңдап шықты. Ауылға орталықтандырылған таза ауызсу желісін тарту үшін осындай қолайсыздық болып жатқанын жоққа шығармайды.

Руслан Кисембинов, Ұлан ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

- Жоба бойынша магистралдық және ауылішілік 45 шақырым желіге құбыр төселеді. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Біз жыл соңына дейн бұл жобаны толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Асубұлақты орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау үшін 3 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Жалпы биыл облыс бойынша ауылдарды тіршілік нәрімен қамту мәселесіне қатысты 27 жоба іске асырылады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин