• 21-11-2025

Кинорежиссер Сламбек Тәуекел өмірден өтті

Қазақ кино өнері қара жамылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті кинорежиссёр, сценарист әрі продюсер — Сламбек Тәуекел 78 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ұлттық кино, өнер мен мәдениеттің дамуына тер төккен тұлға артында өшпес із қалдырды. Ол «Жоғалған өлке», «Наурыз», «Батыр Баян», «Асанәлі», «Сәтбаев», «Бір бала», «Махамбет» сияқты бірқатар деректі және көркем фильмдердің режиссёрі. Бүгінде танымал актёрлердің қалыптасуына тер төккен тұлға. Қазақ ұлттық өнер университетінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, жас мамандардың тәрбиесіне де зор үлес қосты. Ардақты азаматтың ғибратты ғұмыры халқының жадында мәңгілік сақталады,- дейді өнердегі әріптестері.

Оралбек Сарыбасов, режиссёр, продюсер:

«Қазақфильмді» Сламбек Тәуекелсіз елестету мүмкін емес. Оның 27 жыл ғұмыры қазақ фильмімен бірге өтті. Мәскеуден жоғарғы режиссёрлік курсты бітіріп келгеннен бастап, «Қазақфильмде» өндіріс бөлімінің бастығы, директордың орынбасары сияқты қызметтерден киностудияны директор ретінде 17 жыл қызметін атқарды. Ол кісінің істеген жұмыстары, атқарған міндеттері, адалдығы, азаматтағы ұрпаққа үлгі боларлық деп ойлаймыз.

Асылбек Данияр