• 01-08-2025

Биыл 97 елді мекенге газ тартылады

Осылайша, 300 мың қазақстандық көгілдір отынның игілігін көрмек. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен брифинг кезінде айтылды.

Жарты жылдың қорытындысы бойынша 7 млн 600 мың тонна мұнай өнімдері өндірілген. Бұл биылға жоспарланған өнімнің тең жарымы.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жарты жылда елдегі өндіріс көлемі 6,5%-ке өсіп, 29 трлн теңгеге жуықтаған. Премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтуынша, өңдеу өнеркәсібі 13,7 трлн теңгеге өнім шығарған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5,5%-ке жоғары. Осылайша, өңдеуші сектордың елдің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4%-ті құрады. Роман Скляр басымдыққа ие инфрақұрылым жобаларына жеке тоқталды. Мәселен, жыл соңына дейін ұзындығы жеті мың шақырымға созылатын республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың құрылысы аяқталады. Бүгінде елдегі автожолдардың он екі мың шақырымы жөнделіп жатыр. Демек, жартысынан көбі биыл пайдалануға беріледі.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Бүгінгі таңда теміржол желісінің ұзындығы 16 мың шақырымнан асады. Елімізге бұл жеткіліксіз. Биыл Достық – Мойынты бағытындағы теміржолдың құрылысын аяқтаймыз. Оның ұзындығы 830 шақырымнан асады. Жобаға 500 млрд теңге көлемінде қаржы құйылған. Қазір Қытаймен арадағы тар жолмен 12 жұп пойыз қатынаса, желі іске қосылғаннан кейін 60 жұп пойыз жүретін болады. Жалпы теміржолды кеңейтетін тұстар әлі де жетеді. Бақты-Аягөз бағытындағы теміржолды іске қосу жоспары бар. Бұл Қытаймен жалғайтын үшінші желі болмақ. Ол да экономикалық тұрғыдан өте тиімді жоба.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Брифинг кезінде экология мәселелері де қаузалды. 2030 жылға қарай елдегі қалдықтардың 40%-ін қайта өңдеу міндеті тұр. Бүгінде бұл көрсеткіш 25%-тен сәл асады. Осы ретте экология министрі қыркүйек айына дейін арнайы тұжырымдама әзірленіп жатқанын жеткізді. Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде қатты қалдықтарды қайта өңдейтін 67 жобаға қомақты қаржы құйылған.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Біз осы 2029 жылға дейін қатты 40%-ке өңдеу мәселесін шешу үшін біз бүгінгі күні 345 млрд теңгеге 67 жобаны жүзеге асыруға әзірлеп жатырмыз. Оның ішінде бүгінгі таңда 52 млрд теңгеге 14 жоба қаржыландырылды. Жалпы 67 жобаның 41-і тек қана өңдеу жобалары. Олар қағаз, пластик, әйнек.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Қыркүйекте ұзындығы 300 шақырымнан асатын Талдықорған – Үшарал газ құбыры іске қосылмақ. Осылайша, өңірдегі 60-тан астам елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Жалпы биыл Қазақстандағы 94 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспары бар. Демек, жыл соңына дейін 300 мыңнан астам адам көгілдір отынның игілігін көрмек. Ал келесі жылдың сәуірінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салына бастайды. Оны келесі жылдың соңына дейін пайдалануға берілу жоспарланып отыр.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт