• 18-03-2025

Дамуында ерекшелігі бар балалардың құқығын қорғайтын заң әзірленеді

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер беретін заң әзірленеді. Бұл құжатта өскелең ұрпақты зорлық-зомбылықтан қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізу мәселелері де қамтылады. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді. Әріптесім толықтырады.

«Қазақстан балалары» бағдарламасы жас ұрпақтың мүмкіндіктерін теңестіруді көздейді. Ұлттық құрылтай кезінде Президент ерекше қажеттілігі бар балаларға барынша жағдай жасауды тапсырған. Атқарушы билік заң жобасын әзірлеуге кірісіп кеттік деп отыр.

Еділ Оспан, ҚР оқу-ағарту министрінің орынбасары:

Осы мақсатта сенат депутаттарымен бірлесіп, мүдделі мемлекеттік органдардың және сала мамандарының қатысуымен мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді қолдау көрсету жөнінде заң жобасы әзірленуде. Жаңа заң жобасында балалардың мүгедектігін алдын алу мақсатында ертең қолдау жүйесін және ведомсвтоаралық іс-қимылдың кешенді тәсілдерін іске қосу қарастырылуда.

Бүгінде ел бойынша дамуында ерекшелігі бар 235 мың бала есепте болса, 17 мың ұл мен қызға аутизм диагнозы қойылған. Қазір ел бойынша оларды емдейтін 11 орталық жұмыс істейді. Президент тапсырмасынан кейін Алматы, Ақмола, Атырау, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында жаңа орталықтар ашылмақ. Сондай-ақ премьер-министр Республикалық маңызы бар магистральдың құрылысы бойынша да нақты тапсырмалар берді.

Орталық пен батысты байланыстыратын жол салынады

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Көлік министрлігі осыған дейін әзірленген техника экономикалық негіздеме мен жобалау сметалық құжаттаманы жедел өзектендіріп, қаржыландыру көздерін анықтасын. Жол құрылысына биыл кірісу қажет.

Орталық пен батысты байланыстыратын дәліз Астанада басталып, Жантеке, Егіндікөл арқылы Арқалыққа жетеді. Одан әрі Торғайды басып, Ырғызға жалғанбақ. Дегенмен министрліктің жоспарына сай, бұл бағытта қазір қолданыста бар жолдарға тек жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мақсат Қалиақпаров, ҚР көлік министрінің орынбасары:

Астана Жантеке учаскесінде Қазақстан даму банкінің қаражаты есебінен орташа жөндеу жұмыстары осы жылы басталып, 2026 жылы аяқталады. Жантеке мен Егіндікөл арасындағы аудандық маңызы бар жолға да жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Егіндікөл-Арқалық және Торғай-Ырғыз аралығындағы ұзындығы 339 шақырымды құрайтын жаңа жол салынады.

Мемлекеттік органдарға штат санын көбейтуге тыйым салынады

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың өсуіне жаңаша серпін беру, әділ және тиімді салық жүйесін дамыту және ретсіз шығындарды тежеу жұмыстары туралы баяндады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Бюджет шығыстарын оңтайландыру және оларға басымдық беру мақсатында барлық мемлекеттік органдардың штат санын ұлғайтуға, әкімшілік ғимараттар салуға, көлік құралдарын сатып алуға және басқа да шараларға мораторий жарияланатын болады.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бюджеттік жоспарлау саласына жасанды интеллектіні енгізу арқылы бірқатар тәуекелдерден құтыламыз деп сенеді.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Әкімдіктерді цифрландыру жұмыстары басталды. Орталық мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясының 5 жылдық тәжірибесі қолданылатын болады. Әкімдіктердің бизнес процесстерін реинжинирингтеу нәтижесінде әрбір өңір үшін цифрлық трансформация карталары әзірленетін болады.

Отандық фильмдердің сапасы қатаң тексеріледі

Елімізде түсірілетін кинофильмдерге қатысты талап күшейеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Сондай-ақ балаларға арналған қазақ анимациясын дамыту жоспарланып отыр.

Оңғар Алпысбайұлы