Шайды күн сайын ішу қауіпті ме?
Танымал нутрициолог Мира Панова Tengri Life-қа берген сұхбатында күнделікті қара және көк шай ішу қанша ...
Сенат төрағасының кеңесшісі Жұлдызай Ысқақова Қазақстанның жоғары оқу орындарында демография бойынша жаңа білім беру бағдарламасын ашуды ұсынды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сенат төрағасы кеңесшісінің айтуынша, елімізде демографиялық даму тұжырымдамасын қабылдау қажет.
— Ұлттық экономика министрлігінің жауабында бұл құжатты қабылдау орынсыз екені айтылған. Себебі мемлекеттік жоспарлау жүйесі теңгерімді, қандастарды қабылдау мәселелері реттелген, ал туудың өсу үрдісі байқалады. Алайда, менің ойымша, 2021 жылдан бастап туу көрсеткіші керісінше төмендеп жатыр. Сондай-ақ өңірлік дамуда айтарлықтай теңгерімсіздік бар. Сондықтан, көптеген елдің тәжірибесіне сүйене отырып, бізге де осы тұжырымдаманы қарастыру қажет деп санаймын, — деді Жұлдызай Ысқақова Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде өткен жиында.
Бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, «Демография» мамандығы «Тарих» білім беру бағдарламалары тобының аясында оқытылады.
— Бірақ, тарих – өткенді зерттеу, ал демография – болашаққа бағытталған ғылым. Біз жоғары оқу орындарында жаңа бағдарламаны ашу оңай емес екенін түсінеміз. Оның үстіне, көптеген университет КЕАҚ (коммерциялық емес акционерлік қоғам) мәртебесіне ие болғандықтан, өздері шешім қабылдайды. Дегенмен мемлекеттік қолдау көрсетуді сұраймыз, — деді Сенат спикерінің кеңесшісі.
Оның айтуынша, өткен жылы елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ресейдің жоғары экономика мектебі өкілдерімен кездесу өткізіп, аталған бағытты қолға алу мүмкіндігін талқылаған.
— Ғылым және жоғары білім министрлігі бізге жаңа бағыт ашу оңай емес екенін айтты. Сондықтан Қазақстан демографтары қауымдастығы, әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия және сарапшылар қауымдастығымен қосымша кездесу өткізуді сұраймыз. Қазір әлеуметтанушылар демографиялық бағыттарды зерттеп жатыр, сол сияқты пилоттық жоба ретінде Еуразия университетінде бөлек мамандық ашу мүмкіндігі бар. Ол үшін мемлекеттік гранттар қажет, шешілуі тиіс көптеген мәселе бар,- деп қорытындылады Жұлдызай Ысқақова.
Айта кетсек, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде «Демографиялық өсу –ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында былтыр өткен Үкімет сағатында қабылданған ұсынымдарды іске асыру қорытындыларын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті.