• 18-06-2025

Қытай инвесторларының жобасы Қазақстанға не береді?

Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын тоғыстырған ауқымды жобаның іргесі қаланды. Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясы құны 200 млрд теңгеден асатын мақта-тоқыма кластерін іске асыруға кірісті. Жоба аясында құрылатын толық циклді өндірістің елімізге әкелер пайдасы мен экономикалық маңызына шолу жасадық.

Өндіріс толық циклді жүйе бойынша ұйымдастырылады: мақта өсіруден бастап, иірімжіп иіру, мата тоқу, әрі дайын тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі барлық кезеңдер қамтылады. Жоба аясында жалпы көлемі 50 мың гектардан асатын алқапқа мақта егіледі. Өнім арнайы инфрақұрылым арқылы өңдеуден өтіп, тігін фабрикаларына жеткізіледі.

Кешен аясында барлығы 10 жаңа зауыт пен фабрика салу көзделген. Атап айтқанда, егіс алқаптарының жанынан 4 мақта шикізатын өңдеу зауыты, заманауи су үнемдеу технологиясына негізделген 2 тамшылатып суару жүйесін шығаратын зауыт, сондай-ақ 4 тоқыма фабрикасы (оның ішінде тігін, бояу және әрлеу цехтары бар) іске қосылады. Қазірдің өзінде кластерге қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін поливинилхлорид (PVC) құбырларын шығаратын зауыт жұмыс істей бастады. Сонымен қатар суару арналары мен насос станцияларын қамтитын ирригациялық желі құрылысы жүріп жатыр.

Ауқымды жобаны 2024–2026 жылдар аралығында үш кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған. Биыл, 2024 жылы, қытайлық технология негізінде 1 200 гектарға тамшылатып суару әдісімен мақта егілді. 2025 жылы егістік көлемі 32 мың гектарға дейін ұлғайып, үш мақта өңдеу зауытының, суару жабдықтарын шығаратын кәсіпорын мен тоқыма емес материалдар фабрикасының құрылысы басталады. Ал 2026 жылы мақта алқаптары 50 мың гектарға жеткізіліп, қосымша екі мақта өңдеу зауыты мен тігін және бояу-әрлеу фабрикалары іске қосылады.

Түркістанды түрлендірген тоқыма жобасы

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Бауыржан Тұрлыбеков бұл жоба Қазақстан экономикасына мультипликативті оң әсер ететінін атап көрсетеді. Сарапшының айтуынша, қытайлық инвестициямен жүзеге асқан Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластерінің басты артықшылығы жұмыс орындары ашылады.

Жұмыс орындары көбейеді. Кластер толық қуатына шыққанда өңірде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады (оның кемінде 3 мыңдайы тұрақты жұмыспен қамту). Яғни, жергілікті халық үшін қосымша табыс көздері пайда болып, жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Жоба бастау кезеңінде-ақ 2 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды. Жаңа өндіріс орындары, дәлірек өңірде 10 зауыт-фабрика қатар іске қосылып, индустриялық база кеңейеді. Бұл тек мақта өңдеу мен тоқыма өндірісін жолға қойып қана қоймай, оған қызмет көрсететін қосалқы салаларды (логистика, қаптама, жабдықтау т.б.) дамытуға серпін береді. Кластердің құрылысы мен қызметі барысында жергілікті шағын және орта кәсіпорындар үшін де жаңа мүмкіндіктер туады, — дейді Бауыржан Тұрлыбеков.

Қытай инвесторларының жобасы Қазақстанға не береді?

Мақта-тоқыма кластері ел бюджетіне елеулі кіріс әкеліп, дайын өнім шығару арқылы салық түсімі көбейіп, қосылған құн артпақ.

Өңделген өнім көлемі артқан сайын және жаңа өндірістер ашылған соң, жергілікті және республикалық бюджетке түсетін салық түсімдері ұлғаяды. Яғни, өңірдің салық базасы кеңейіп, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерді қаржыландыру мүмкіндіктері артады. Қосылған құн өсетіні де атап өтілуде – бұрын шикізат күйінде сыртқа шығарылатын мақта енді ел ішінде терең өңделіп, дайын өнім ретінде сатылатындықтан, оның қосылған құны жоғары болады. Премьер-Министр Олжас Бектенов те мұндай кластер құру «өнімнің қосылған құнын арттырып, қайта өңдеу арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға және еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуге жол ашады» деп бағалаған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік кірістер мен экспорттық табысты көбейтуге ықпал етеді, — деп түсіндірді сарапшы.

Қытай инвесторларының жобасы Қазақстанға не береді?

Кластер толық іске қосылғанда жыл сайын 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр мата және 7 миллион дана төсек-орын тысы мен өзге де үй тоқыма бұйымдарын өндіруге қауқарлы болады.

Осындай көлемдегі дайын өнім ішкі нарық сұранысын қамтып қана қоймай, едәуір бөлігін экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұған дейін шитті мақтаны немесе бастапқы өңделген талшықты ғана сыртқа сатып келсе, енді өңделген жоғары қосылған құнды өнімді экспорттай бастайды. Louis Vuitton, Gucci сынды әлемге танымал сән брендтері де Түркістанда өндірілетін мата мен жіпке қызығушылық танытып отыр – өнімдері сол брендтердің фабрикаларына шикізат ретінде сатылмақ. Бұл қадам қазақстандық тоқыма өнімдерін жаһандық құн тізбегіне қосып, елімізді жаңа нарықтарға шығармақ, — дейді Бауыржан Тұрлыбеков.

Сарапшының пікірінше, бұл көрсеткіштердің барлығы еліміз үшін аса маңызды экономикалық тиімділікке негіз болады. Мақта-тоқыма кластері тек бір өңірдің емес, тұтас Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне оң әсерін тигізіп, өнеркәсіп құрылымын әртараптандыруға үлес қосады.

Мақта шаруашылығын жаңғырту және тамшылатып суару

Түркістан облысы – Қазақстандағы жалғыз мақта өсіретін өңір, тарихи түрде шитті мақта осы аймақта өсіріліп келеді. Облыстың Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы сияқты оңтүстік аудандарында 2024 жылы 106 мың гектар алқапқа мақта егілді, бұл республикадағы барлық егістіктің 12%-ын құрайды. Мақта шаруашылығы экономикада маңызды рөл атқарғанымен, суармалы суға тәуелді дақыл болғандықтан еңбек пен ресурс шығыны жоғары сала саналады. Сондықтан өңірде мақтадан мол өнім алу үшін тамшылатып суару технологиясын енгізу шешуші қадам болып отыр.

Қытайлық инвесторлар жобасы аясында жаңа су үнемдеу әдістері қолданылады. ҚХР тәжірибесі бойынша былтыр Арыс қаласы мен Жетісай, Сауран, Ордабасы аудандарында барлығы 2,5 гектар жерге элиталық мақта тұқымы егіліп, тамшылатып суару тәсілі сынақтан өтті. Нәтижесінде бұл алқаптардан әр гектардан 60–65 центнерден өнім алынған – бұл облыс бойынша орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары нәтиже. Су мен электр энергиясын, еңбек ресурстары мен тыңайтқышты айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретін бұл технологияның тиімділігі дәлелденді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2023 жылға дейін Түркістан облысында тамшылатып суару бар-жоғы 2 мың гектардай мақта алқабында қолданылған болса, биыл бұл көрсеткіш 50 мың гектарға дейін ұлғайды. Яғни, қытайлық кластердің арқасында су үнемдеу технологиялары жедел енгізіліп, мақта алқабының басым бөлігі заманауи суару жүйесіне көшуде. Мақта өнімділігі мен сапасы артты, суды пайдалану тиімділігі жоғарылды. Болашақта кластер жанынан суару жабдықтарын өндіретін зауыттың іске қосылуы өзге де шаруашылықтарға осы технологияны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Тамшылатып суару тек өнім көлемін көбейтумен шектелмей, өңірдің су ресурстарын ұқыпты пайдаланып, экологиялық тұрақтылықты сақтауға да септігін тигізеді.

Louis Vuitton мен Gucci-ге мата жеткізеді

Бұрын Қазақстанның мақта шаруашылығы шикізаттық сипатта дамыды. Фермерлер өсірген мақтаны теріп, бастапқы өңдеуден өткізген соң мақта талшығы күйінде шетелге экспорттайтын. Мысалы, 2023 жылы Түркістан облысындағы бір ғана мақта зауыты 18 мың тонна шитті мақтаны өңдеп, одан өндірілген 6 мың тонна мақта талшығын Ресей, Беларусь және Балтық жағалауы елдеріне экспортқа шығарған. Демек, отандық мақта талшығы негізінен шетелдік тоқыма фабрикаларында матаға айналып келді, сол арқылы шет мемлекеттердің қосылған құнды өнім өндіруіне қызмет еткен еді.

Ал «Turan» АЭА-дағы жаңа кластер бұл тізбекті түбегейлі өзгертпек. Енді Қазақстанда өсірілген мақта өзімізде терең өңделіп, дайын мата және тоқыма бұйымдары түрінде экспортталатын болады. Кластер толық іске қосылған соң, Түркістан облысындағы фабрикалар шығарған өнімдер Орталық Азия, ТМД елдерімен қатар Еуропа және әлемдік нарықтарға да жөнелтілуі мүмкін. Әлемдік люкс брендтері – Louis Vuitton, Gucci және тағы басқа атақты маркалар – Түркістанда шығатын экологиялық таза жоғары сапалы мақта матасына қызығушылық білдіріп отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, кластер фабрикаларында өндірілетін мата мен жіптер әлемге танымал Louis Vuitton және Gucci брендтеріне сатылатын болады. Яғни, алдағы жылдары Қазақстанда шығарылған матадан тігілген жоғары сапалы киім-кешек пен сәнді бұйымдар жаһандық нарыққа «Made in Kazakhstan» белгісімен жол тартуы ғажап емес.

Бұл байланыстар еліміздің оң имиджін қалыптастырып, қазақ мақтасының бренд ретінде танылуына жол ашады. Сондай-ақ, отандық өндірушілерге әлемдік сапа стандарттарын игеруге, технологиялық тәртіп пен дизайнға қатысты жаңа тәжірибелерді меңгеруге мүмкіндік береді. Экспорт географиясының кеңеюі ұлттық валютаға түсетін валюта түсімін көбейтеді, төлем балансын жақсартады. Жалпы алғанда, кластер өнімінің экспортқа бағытталуы Қазақстанның экспорт құрылымын әртараптандыру стратегиясымен де үндесіп отыр – яғни мұнай, металл сияқты дәстүрлі тауарлармен қатар өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесі артады деген сөз.

Түркістан облысының экономикасына әсері

Қытайлық инвесторлардың бұл жобасы ең алдымен жүзеге асырылып жатқан Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Соңғы жылдары Түркістан өңірі инвестиция тарту және өнеркәсіп өсімі бойынша республикада алдыңғы орындарға шығып келеді. 2023 жылы облыс экономикасына 972 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,1%-ға артық өсім көрсеткіші. Инвестиция өсімі бойынша Түркістан облысы республикада үздік үштікте тұр. Оның ішінде 705,1 млрд теңге – жеке инвестициялар, ал 266,9 млрд теңгесі – бюджет қаражаты. 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 3,3 трлн теңгелік 173 жаңа инвестициялық жобаның пулы дайындалғаны мәлім – соның ішінде аталған мақта-тоқыма кластері де бар.

Облыс экономикасының құрылымында дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы басым болғанымен, соңғы уақытта өнеркәсіп секторы қарқынды дамып келеді. 2023 жылы Түркістан облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 758 млрд теңгеге жетіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі айрықша рөл атқарған. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп (тоқыма өндірісі) 160%-ке өсім көрсетті. Бұл, әрине, жаңадан іске қосылған мақта өңдеу кәсіпорындарының және тоқыма фабрикаларының нәтижесі. Кластер аясында ашылған фабрикалар өңдеу өнеркәсібіндегі бұл өсімді одан әрі еселей түсетіні анық. Өңірде сондай-ақ құрылыс материалдары (бейметалл өнімдер +114%), машина жасау (+111%) сияқты салаларда да өрлеу байқалуда. Жалпы өңірлік өнім (ӨңӨ) көлемі 2023 жылдың қорытындысында 3 трлн теңгеден асып, нақты өсім 8,1% деңгейінде тіркелді. Түркістан облысы экономикалық өсім қарқыны жөнінен республикада алдыңғы қатарда келе жатқаны ресми деректерде аталып өтті.

Қытай инвесторларының жобасы Қазақстанға не береді?

Аймақта шағын және орта бизнестің (ШОБ) дамуы да жақсы көрсеткіштерге ие. 2023 жылы облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 207 мыңға жуықтап, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан өңірі Алматы мен Астанадан кейін 3-орынға шықты. ШОБ өндірген өнім көлемі 9 айда 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27,5% артқан (жыл соңында 1,6 трлн теңгеге жетеді деп болжанған). Жеке кәсіпкерлердің мұндай көбеюіне бір жағынан мемлекет қолдауы әсер етсе, екінші жағынан өңірде іске қосылып жатқан жаңа өндірістер маңайында қызмет көрсету, сауда, тасымал сияқты қосалқы бизнес түрлерінің пайда болуы ықпал етуде. Мақта-тоқыма кластері де көптеген жергілікті кәсіпкерлерді өз орнын табуға ынталандырады: біреуіне шикізат жеткізу, біреуіне жұмысшыларға қызмет көрсету, енді біріне қосалқы бөлшектер өндіру тәрізді мүмкіндіктер ашылмақ. Облыс әкімдігі тарапынан кластерге инвесторлар тарту, оған жергілікті компаниялардың қатысуына жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан экономикасының тағы бір жетістігі – экспорт өсімі. 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында облыстың Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымы $735,1 млн құрап, оның ішінде экспорт $622,8 млн болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 32,1%-ға жоғары көрсеткіш. Импорт небәрі $112,3 млн болғандықтан, өңірдің сыртқы саудасында оң сальдо қалыптасқан. Экспорттың негізгі баптары дәл осы ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңделген азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп тауарлары екені байқалады. Алдағы уақытта мақта-тоқыма кластері толық қуатпен жұмыс істей бастағанда, Түркістаннан шығатын экспорттық өнім көлемі және түрлері арта түспек. Бұл облысты тек агрошикізат емес, өңделген дайын өнім экспорттайтын өңірге айналдырады.

Қытайлық инвестиция – өңірлік серпіліс құралы

Түркістан облысында қытайлық инвесторлардың қолдауымен жүзеге асып жатқан аграрлық-индустриялық жоба – Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін ұштастырған үлгілі бастама болып отыр. Бұл кластер біріншіден, ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі саланы заманауи технологиялар арқылы өркендетсе (жерді тиімді пайдалану, су үнемдеу, өнімділікті арттыру), екіншіден, сол шикізатты өзімізде тереңдете өңдеп, дайын тауар шығару арқылы индустрияландыру үдерісіне серпін беруде. Сарапшы Бауыржан Тұрлыбеков атап өткендей, жобаның экономикалық пайдасы көпқырлы: мыңдаған жаңа жұмыс орындары, бюджетке қосымша кіріс, экспорттық өнімнің көбеюі, әлемдік брендтермен байланыс орнауы – мұның бәрі ел игілігіне қызмет етеді.

Қытай инвесторларының жобасы Қазақстанға не береді?

Түркістан облысының соңғы жылдардағы қарқынды дамуы осы сияқты инвестициялық жобалармен тығыз байланысты. Оған дәлел – өңірге құйылған инвестициялар көлемінің еселеп өсуі, өңірлік жалпы өнімнің артуы, шағын бизнестің көбеюі мен экспорттың ұлғаюы. Мақта кластері өңір экономикасын әртараптандырудың қайнаған ортасына айналып, Қазақстандaғы алғашқы толық циклді тоқыма өндірісінің флагманы болмақ. Бұл – бір облыстың ғана емес, тұтас республика экономикасының құрылымына оң өзгеріс әкелетін стратегиялық жоба. Елімізде қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беріле бастаған қазіргі кезеңде, Түркістандағы қытайлық инвесторлардың тәжірибесі өзге өңірлерге де үлгі болып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп интеграциясының жаңа мүмкіндіктерін ашары сөзсіз.