Әлемде мүлікті сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?
Мүлікті сақтандыру жүйесі әр елде әртүрлі жұмыс істейді, деп хабарлайды 24kz. АҚШ пен Түркияда полистер мі ...
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару қызметінде екі жарым мыңнан астам әйел еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Олар күн сайын басын қатерге тігіп, адам өміріне араша болады. Бірі табиғи апаттармен арпалысса, енді бірі тұрғындардың қоңырауына жауап беріп, шұғыл қызмет мамандарын бағыттап отырады.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Ғалия Шәкірова 2005 жылдан бастап азаматтық қорғаныс саласында жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын радиотелефонист болып бастаған маман бүгінде Астанадағы Өрт байланысы орталық пунктінде диспетчер қызметінде. Мұнда ол күніне мыңнан астам қоңырауға жауап беріп, құтқарушыларды төтенше жағдайларды жоюға бағыттап отырады. Диспетчерлер оқыс оқиғаға тап болып, үрейі ұшқан азаматтарды тыныштандырып, олардан барлық қажетті деректерді алуы керек. Ал біздің кейіпкер былтыр адам өмірін құтқарып қалған.
Ғалия Шәкірова, диспетчер:
- Ұзақ. Жарты сағаттан көп сөйлестік. «Өмір сүргім келмейді. Ақша жетпейді». Сондай-сондай сөздер айтылды. Сосын мен: «Сіз неше жастасыз? Сіз қайдасыз? Не істеп жатырсыз? Қасыңызда кім бар?», -деп сұрадым. «Балам бар», - деді. «Балаңызды аямайсыз ба сіз, балаңыз бар, балаңыз үшін өмір сүру керек қой», - деп айттым. «Ой сіздің есіміңіз кім?» Мен айттым солай. «Ой рақмет сізге», - деп солай тынышталды.
Ғалия Шәкірованың өзі де үш баланың анасы. «Қызмет барысында ауыр жағдайларға мойымауға отбасы мен әріптестерінің қолдауы көмектеседі», - дейді ол. Ал байланыс орталығының ұжымы кейіпкеріміздің кәсіби біліктілігін атап өтті.
Зәуре Жүкешева, қалалық өрт байланысы орталық пунктінің бастығы
- Жүздеген-мыңдаған деп айтуға болады өрттер мен авариялық құтқару жұмыстарына атсалысты. Шұғыл түрде телефон қоңыраулар қабылдап, өрт барысында керекті техниканы жіберіп отырады. Өзіне жеке тоқтала кетсек, ол кісі бізде, былай айтқанда, өте позитив адам. Мінезі ашық. Әрдайым қол ұшын беруге дайын адам.
20 жылдық тәжірибесі бар Ғалия Шәкірова орталықтағы ең абыройлы қызметкер. «Ол жас мамандарға қиын жағдайларда қалай әрекет ету керегін үйретіп, ақыл-кеңесін аямайды», - дейді әріптестері.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев