• 14-03-2025

Әлемде мүлікті сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?

Мүлікті сақтандыру жүйесі әр елде әртүрлі жұмыс істейді, деп хабарлайды 24kz.

АҚШ пен Түркияда полистер міндетті, ал Скандинавия елдерінде ғимарат қана емес, сондай-ақ жиһаз, техника және басқа да құнды заттар бірдей сақтандырылады. Кейбір мемлекеттерде өтемақы заңмен қарастырылса, қалғандарында арнайы сақтандыру қорлары құрылады.

АҚШ-та мүлікті тасқыннан сақтандырудың ұлттық бағдарламасы жұмыс істейді

АҚШ-та мүлікті сақтандырудың ең дамыған жүйелерінің бірі жұмыс істейді. Полистер тұрғын үй, көлік, бизнес және тіпті табиғи апаттардан келген шығындарды қамтиды. Әсіресе, су тасқынынан сақтандыруға айрықша көңіл бөлінеді. Бұған қатысты ұлттық бағдарлама 1968 жылы «Бетси жойқын дауылынан кейін қолға алынған. Бағдарламаға Төтенше жағдайлар ұлттық агенттігі жетекшілік етеді. Негізі өтемақы сақтандыру жарнасынан өтеледі, бірақ үлкен табиғи апаттарда мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Полисті табиғи апат туралы ресми жарияланбаса да алуға болады. Мысалы, Флорида штатында су тасқыны үнемі жүреді. 2,5 сантиметрге ғана көтерілген су деңгейі үйге 25 мың доллар, яғни, шамамен 12 миллион теңге зиян келтіре алады. 2023 жылы «Идалия» дауылынан кейін 5 мыңнан астам өтінім түсіп, өтемақы көлемі 300 миллион доллардан асқан. Зардап шеккендердің 90%-і ақшаны алғашқы 90 күнде алды.

Түркияда тұрғын үй жер сілкінісінен міндетті түрде сақтандырылады

Түркия сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Сондықтан мүлікті сақтандыру мәселесі өте өзекті. Мұнда жиі жер сілкінеді. 1999 жылы жойқын зілзаладан кейін елде мүлікті сақтандыру міндеттелді. Полис үй иелеріне баспанасын жерасты дүмпулері және өрт, лай көшкіні сияқты салдарынан қаржылық жағынан қорғауға мүмкіндік береді. Сақтандырусыз мүлікке меншік құқығын алу немесе коммуналдық қызмет үшін төлем жасау мүмкін емес. Сақтандыру ғимаратты ұстап тұрған негізгі бөліктерді қамтиды, бірақ ішкі әрлеу мен жеке заттар үшін берілмейді. Өтемақы сомасы ғимараттың орналасқан жері, көлемі мен ғимарат түріне байланысты болмақ.

Данияда тұрғын үй иелерінің 95%-тен астамы баспанасын сақтандырады

Скандинавия елдерінде мүлікті сақтандыру баспананы ғана емес, сондай-ақ ішіндегі заттарды да қамтиды. Полис жиһаз, тұрмыстық техника мен басқа құнды нәрселерге де жарамды. Өрт, тасқын, тонау сияқты табиғи апат кезінде өтемақы төленеді. Көршісі пәтерін суға толтырса да, ақша беріледі. Бұл елде тұрғын үйден басқа жеке көлігін де сақтандыру міндетті болып саналады.

Авторы: Ернат Рахметолла, Дана Ермак