Маңғыстау облысында шөп шабу науқаны жүріп жатыр
Маңғыстауда шөп шабу науқаны жүріп жатыр. Шаруалар 30 мың гектар аумақты өзара бөліп алып, қыстың қамына кіріскен. Биыл ...
Ата-ана мен бала арасы алшақтап барады. Заман ағымы мен қоғам әсерінен азаматтар бауыр еті баласымен дұрыс сөйлеспейді. Бұл туралы былтыр еліміздің түкпір-түкпірінде құрылған психологиялық орталық мамандары айтып , дабыл қағуда.
Алдияр Айтбаев, тілші:
Былтыр елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, өз жұмысын бастады. Бір жылда 50 мыңға тарта адамға көмек көрсеткен. Ал Астанадағы орталыққа бір жылда 3200-ден астам адам келген. Олардың дені ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа көңілі толмайтынын айтқан. Бұл ретте психологтар бұл мәселе жаз айларында ерекше өзекті болады деп отыр.
Себебі де тайға таңба басқандай белгілі. Жыл бойы баласы оқуда, ата-анасы жұмыста жүрген отбасылар бір-біріне көңіл бөле алмайды. Ал жазғы демалыста бастары қосылғанда бір-бірін тани бастайды. Бала мінез көрсетеді, ата-ана қай жерде қателестік деп байбалам салады.
Элеонора Қошаналиева, Психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы:
Кейде балаларымыз ата-әжесінің, бауырларының немесе көмекшілердің қарауында қалады. Мұндай жағдайда бала толыққанды ата-ана махаббатын сезінбей өсуі мүмкін, соның салдарынан есейе келе ата-анасын түсіне бермейді. Егер өзіміздің ата-аналарымыздың кезеңімен салыстыратын болсақ, олар бала кезден бастап ата-анасымен тығыз қарым-қатынаста болды. Ол кезде телефон жоқ, адамдар бір-бірімен бетпе-бет жиі сөйлесетін.
Мұның арты жақсылыққа апармайды деп психологтар дабыл қағып отыр. Ата-анасынан алшақтаған бала қоғамнан да алыстап, тұйықталады екен. Ал өзін жалғыз сезініп, үндемегендерден ертең үйдей бәле шығуы мүмкін.
Гүлмира Қапанова, тәжірибелі психолог:
Қазіргі балалар тез ренжіп, болмашы нәрсеге ашуланып қалады. Ұл-қыз ғана емес, ата-аналар да өзгерген. Көпшілігі баласын тыңдамай, сөйлеспейтін жағдайға жетті. Жұмыстың жетегінде жүр. Мұндайда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыра білу маңызды. Егер ата-ана ұрсып жүріп қалағанын істетсе, бала болашақта айналасына күш қолданып, зекіп сөйлеу арқылы мақсатына жетуге үйренеді. Үйде тыңдайтын жан болмаған соң, балалар интернетте кез келген адаммен сөйлеседі. Ал олар неше түрлі насихат айтуы мүмкін.
Орталыққа ата-ана мен баладан бөлек, өзіне қол салуға ұмтылған жастар, зорлық-зомбылыққа душар болған жасөспірімдер де барады. Кей кездері тіпті мамандар ащы судан шаңырақтары шайқалған отбасыларға барып, ұл-қыздарға араша түседі екен. Тағы бір ескеретін жайт бұл мекемеге көмек сұрап тек жанұялар емес мұғалімдер де келе алады.
Альбина Залмұқанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
Баланың тәрбиесіне ең алдымен өзі, содан кейін ата-анасы жауапты. Сондықтан біздің орталық ата-аналармен тығыз жұмыс істейді. Ата-анамен қатар мектеп мұғалімдері де баланың тәрбиесіне ықпал ететін маңызды тұлғалар. Яғни, бала – ата-ана – мұғалім үштігімен жұмыс жүргізіледі. Қажет болған жағдайда балаға психологиялық көмек көрсету үшін мектепке де барамыз. Орталықтың басты міндеті – мектептегі психологиялық қызметті қолдау.
Отбасындағы қарым-қатынасты түзету үшін жаз айы сәтті, — дейді психологтар. Ата-аналар ұл-қыздарының неге қызығып неге икемі барын анықтауы тиіс. Одан бөлек, ашық сөйлесіп, мейірімге бөлеу қажет екен.
Алдияр Айтбаев