• 21-11-2025

Қазақстанда гидтер мен қонақүйлердің қызметі қашан реттеледі

Қазіргі таңда "Туристік қызмет туралы" заңның осы салаларға қатысты тұстарына түзетулер жобасы әзірленген.

Қазақстанда гидтер мен қонақүйлердің қызметін реттеу бойынша заңнамалық негіздер әзірленіп жатыр. "Қазақтуризм" туристік қызметтердің сапасын арттыру үшін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру және сертификаттау мен стандарттау құралдарын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.

"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Заңның гидтердің жұмысын реттеу және орналастыру объектілерін жіктеу жүйесін енгізу бөлігінде түзетулер әзірленді. Аталған өзгерістер енгізілгеннен кейін халықаралық тәжірибе негізінде гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін ережелер бекітіледі. Сондай-ақ, орналастыру объектілері үшін "Жұлдызды санаттар" бойынша жаңартылған жіктеу жүйесі енгізіледі, ол Hotelstars Union еуропалық жіктеу стандарттарына сәйкес Азия Даму Банкінің техникалық көмегімен әзірленген", – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.

Премьер-министрдің түсіндіруінше, жаңа жүйеге сәйкес уәкілетті орган ТСМ Туризм индустриясы комитетін айқындайды, ал әкімшілендіру "Қазақтуризмге" жүктеледі.


Оқи отырыңыз:

  • Қазақстандықтар ішкі туризмнің басты 3 проблемасын атады
  • Маңғыстау – "Жердегі Марс". Бұл – қазақстандық ішкі туризмді дамытуға арналған бірегей кейс