• 14-03-2025

Бүйрек ауруын ерте анықтау үшін нені ескеру керек? Маман кеңесі

Бүйректің созылмалы ауруы — еліміздегі өлім-жітімнің негізгі факторларының бірі. Ол жыл сайын ондаған миллион адамның өмірін қияды, оған қоса мүгедектікке, еңбекке жарамсыздықтың негізгі себептерінің бірі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлемдік статистика деректері бойынша созылмалы бүйрек ауруының жаһандық таралуы шамамен 11-13% деңгейінде. Бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі егде жаста, 38% жағдайда 65 жастан асқандарда байқалады. Сарапшылардың сөзінше, сондықтан мұндай науқастардың созылмалы қосалқы аурулары қатар жүреді.

"Бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі жіктемесі бес кезеңнен тұрады. Әлемдік сарапшылар 2040 жылға қарай бүкіл әлемде БСЖ салдарынан болатын өлім-жітім саны екі еседен аса артады деп болжап отыр. Бұл деректер алаңдатады, өйткені қант диабеті, гипертония және семіздік аурулардың жаһандық ауыртпалығына елеулі үлес қосады және БСЖ қатерінің дәстүрлі факторлары саналады", — деді № 7 қалалық клиникалық аурухананың нефролог-дәрігері Лаура Гаражаева.

Еліміздегі сарапшы дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, қазір 9 мыңнан аса адам гемодиализ процедурасына жүгінеді. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Статистика деректері 2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша бүйрек трансплантациясын жасатуға шамамен 3600 қазақстандық кезекте тұрғанын көрсетеді. Трансплантацияны күтіп жүрген пациенттердің 90%-ға жуығы бүйректі ауыстыруды қажет етеді. Өкінішке қарай, талай адам кезегіне жете алмайды екен.

"БСЖ дерті байқалмай өтеді және асқынған кезеңдерде белгі береді, диагноз кеш қойылады. Пациенттер көбіне дәрілер ішеді де, гемодиализ, аптасына кемінде үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту рәсімі немесе бүйрек трансплантациясы қажет болғанда кәсіби көмекке жүгінеді. Өмiр салтын өзгерту, гликемия мен артериялық қысымды (АҚ) бақылау, нефропротективтi терапияны қолдану ауруды ерте анықтау, алдын алу, өршуiн бәсеңдетуi және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупiн төмендетуi мүмкiн", — деді № 7 ҚКА-ның нефролог дәрігері Лаура Гаражаева.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!