• 25-03-2025

Ақтөбе облысында абаттандыру және санитарлық тазалық бойынша екі айлық өтеді

27 наурыз бен 31 мамыр аралығында өңірде елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша екі айлық жарияланады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, мақсат – аумақтарды қоқыстардан арылту және тазарту, көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту.

Өңір басшысы Асхат Шахаров облыс тұрғындарын сенбіліктерге белсенді қатысып, туған өлкенің өркендеуіне өз үлестерін қосуға шақырды.

Екі айлық аясында апта сайынғы сенбіліктер ұйымдастырылады, сондай-ақ мынадай іс-шаралар өткізіледі:

- аумақтарды абаттандыру: шағын сәулет нысандарын, аула аумақтарын, жаяу жүргіншілер жолдарын, аялдама павильондарын, жарнамалық құрылымдарды жуып-тазалау;

- көгалдандыру: ағаштарды санитарлық кесу, жаңа көшеттер отырғызу, қураған ағаштар мен бұталарды қалпына келтіру;

- көшелер мен аулаларды тазалау: стихиялық қоқыс үйінділерін жою, көпқабатты үйлер, су айдындары мен орман алқаптарының маңындағы аумақтарды қоқыстан арылту;

- тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдастыру: қоқысты рұқсатсыз тастауды болдырмау үшін жеке сектормен шарттар жасасу.

Екі айлық аясында 20 наурыз бен 21 сәуір аралығында өтетін TazaLike экологиялық акциясы жоспарланып отыр.

29 наурызда «Мөлдір бұлақ» акциясын өткізілмек, яғни су айдындарының жағалаулары мен аумақтары қоқыстан тазартылады.

1 сәуір – Халықаралық құстар күніне орай, құстарға үйшік жасауға және орнатуға баса назар аударылады.

15 сәуір — Бүкілқазақстандық көшет отырғызу күні.

19 сәуір – «Таза аумақ» акциясы ұйымдастырылады, оның аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен оларға іргелес елді мекендер аумағы тазартылады.

Сонымен қатар екі ай ішінде ең таза аула, көше, ауыл және шағын ауданға арналған байқаулар және жастар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады.

Облыс әкімі тұрғындарды өз елді мекендерін абаттандыруда белсенді болуға шақырып, тазалық пен тәртіп коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.

Биыл көктем ерте келді, қазір қала көшелеріндегі су кетіп, құрғады. Сенбілікке шығатын уақыт келді. Президент тапсырмасына сәйкес әрі «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды тазалау жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Екі айдың ішінде біз әрбір ауылды, көшені, үй маңындағы аумақтарды ретке келтіруге тиіспіз.

Қала аумағын бірнеше секторға бөліп, олардың әрқайсысын ұйымдар, кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарына бекітіп береміз. Туған өлкені абаттандыруға әркімнің өзіндік үлес қосуы керек. Көгалдандыруға ерекше назар аударылады. Аймақтың дендрокартасына сәйкес жасыл желектерді отырғызу тиіс. Бұл – экологияны жақсартудағы маңызды қадам. Тазалық пен тәртіп – коммуналдық қызметтердің ғана емес, бәріміздің жауапкершілігіміз. Тек бірлескен күш-жігермен ғана біз өз аймағымызды таза және жайлы етеміз! — деп қорытындылады облыс әкімі өз сөзін.