• 29-03-2025

Қазақ тілінде жазылған заң терминдерінің сөздігі жарық көрді

Елімізде қолданыста жүрген 350-ден астам заң бар, деп хабарлайды 24kz.

Бірақ бірқатарының мәтіні түсініксіз. Себебі орыс тілінен қазақшаға аударылған. Салдарынан құжаттың мән-мағынасын ұғыну қиынға соғады. Бұл өз кезегінде мамандар даярлауға да өз кедергісін келтіреді. Астаналық заңгер Сағидолла Баймұрат осылай деп, мәселенің шешімін ұсынды. Ол «Заң терминдерінің сөздігін» жазып шығарды. Маманның бұл бастамасын сенаторлар да қолдап отыр. Сөздіктің тиімділігі неде?

Құқықтану мамандығы студенттерінің осылай шатасатыны бар. Болашақ заңгерлер мен адвокаттар қазақ тобында білім алса да, оқу барысында заңдардың орыс нұсқасына жүгінуге мәжбүр. «Себебі мемлекеттік тілде жазылған маңызды құжаттардан бір шешім табу қиын, екі түрлі пікір қалыптасады», - дейді студенттер.

Ақмарал Көптілеу, студент:

- Ең қарапайымы, қазір біз талап қою арызын жазып жүрміз. Оны кейбір жерде талап қою, кейбір кезде талап-арыз деп айтамыз. Яғни бір пәнде талап-арыз деп жатсақ, сендер талап қою керексіңдер десе, ал келесіде бізге талап қою деп жазғандарың дұрыс деп, екі түрлі пікірлер қалыптасады. Ал заңда талап қою болады. Шын мәнінде қай термин дұрыс екені қиындық туғызады. Ал орыс тілінде ол бір ғана мағына «истец» деп қана қалыптасып кеткен.

Жалпы елдегі заңдар алдымен орыс тіліне жазылып, содан соң ғана мемлекеттік тілге аударылады. Заңгер әрі құқықтану мамандығы оқытушысының айтуынша, бұл мәселе біраз жылдан бері қоғам арасында қызу талқыға түсіп жүр. Тіпті көптеген жиындар мен сот процестерінің өзі орысша өткізіліп жатады. «Ал студенттер үшін өзге тілде алынған білімнің машақаты – тағы бір проблеманың туындауына алып келеді», - дейді Сағидолла Баймұрат.

Сағидолла Баймұрат, заңгер:

- Пәнаралық, салааралық байланыс жоғалып кетеді. Ол бір. Екінші, бізде заңнамада иерархия деген нәрсе бар. мысалы бірінші курста біз студенттерге Конституциялық құқықты үйретеміз. Конституциялық құқықтың 18 бабында жазылған «абыройлы аты» дейді. Студент оны абыройлы аты деп түсінсе, Азаматтық құқықты оқыған кезде ол «қадір-қасиет» деген терминмен ауысады. Көрдіңіз бе? Ал орысша екеуінде де бір «достоинство».

Бұл тұста Сағидолла Баймұрат проблеманың шешімі ретінде авторлық «Заң терминдерінің қазақша сөздігі» кітабын ұсынып отыр. Ол тек білім алушыларға емес, қоғамдағы сала мамандарына септігін тигізеді екен. Оқулықтың авторы, алдағы уақытта сөздіктің екінші және үшінші бөлімін жазуды жоспарлап отыр.

Сағидолла Баймұрат, заңгер:

- Мынаның ішінде тек 1500 сөз жинақталды. 2,5 жыл ішінде өте көп нәрсе жинақталды. Бірақ жинақтап қоймай, оған негіздеме беру керек. 1,5 сөзге ғана негіздеме беру ыңғайы келді. Бұл еңбектің мақсаты – ең бірінші назар аударту, заң шығарушы органның, атқарушы органның, Әділет министрлігі бар, тіл комитеті бар, Ғылым-білім министрлігі бар, соларға назар аударту бірінші.

Түсініксіз заңдардың мәтіні қайта жазылуы мүмкін

Сенат депутаттары заңгердің сөзін жоққа шығармай, маңызды құжаттардағы олқылықты мойындап отыр. Олардың сөзінше, кейбір заңда бір сөйлем 33 сөзден тұрады. Ал нормаға сәйкес 2-3 абзацтың орнына 55 абзац жазылған. Бірақ бұл дұрыс емес. Сондықтан заңдардың мәтінін қайта жазу керек, дейді сенаторлар.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазіргі мақсат – заң қабылдау мәселесі емес, қабылданатын заңдардың немесе бұрын қабылданған заңдардың ішіне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, күрделі нормалардың оқыту мәтінін реттеу, жеңілдету және оның құқықтық қолданылу мәселесінде қате жібермейтіндей жағдайларды қамтамасыз ету. Бұл жұмыс әлі біраз кезеңнен тұрады, жалғасын табады. Бір күнде шешілетін мәселе емес.

Сенат жанындағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық қорғау органдары комитеті осы тақырыпқа қатысты мәселені көтеріп, бірқатар жиын өткізуді жоспарлап отыр. Сондықтан жақын арада түсініксіз заңдардың мәтіні қайта жазылуы мүмкін.

Авторлары: Альмира Оразбай, Өрден Жарқын