• 30-03-2025

Қарағандыдағы қазақ театры төл мерекесін атап өтті

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

27 наурыз — Халықаралық театр күні. Мәртебелі де ақсүйек өнер иелері бүгінде көрермендерін түрлі көңіл күй мен көркем ойлардың көкжиегінде бойлатып келеді. Осындай айтулы күнде өнер иелерін Қарағанды қаласында арнайы марапаттап, тарихи жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Нұржібек Жансүгірова 50 жылдан бері Сәкен Сейфуллин атындаға қазақ драма театрында еңбек етіп келеді. Ғұмырын өнермен өрнектеген жан өмірлік жарын да осы театрда жолықтырған. Бүгінге дейін 100-ден аса кейіпкерді сомдап, сахнаның сәніне, көрерменнің көз айымына айналды.

Нұржібек Жансүгірова, ҚР Мәдениет қайраткері:

Еңбек ету бұл инемен құдық қазғандай дегендей, біреулер айтады: бұл оңай мамандық, сөзді жаттап алса, болды дейді. Бірақ олай емес. Басқа образды шығару, кейіпкердің жан дүниесіне кіру — оңай емес. Ең керемет сәт – дайындаған дүниені ел алдына ұсынып, қошеметке бөлену.

Бүгінде Қарағанды облысында 4 театр ел назарына ерекше туындылар ұсынып келеді. Арасында балалар мен музыкалық комедия театрлары да бар. Айтулы күнде олардың еңбектері еленіп, арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Құрман Қалымов, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының басшысы:

Театрдың залы лық толы. Көрермені көп. Бұл — біздің жасап жатқан еңбегіміздің бағаланып жатқаны. Барлығы көрермен арқылы білінеді. Көрерменге рухани азық сыйлау, жан дүниесін жандандыру, рахаттандыру – театрдың негізгі міндеті.

Мерекелік кеште «Арқаның абыз театры» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. 3 жыл бойы дайындалған монографиялық туынды 90 жылдық тарихы бар қарашаңыраққа арналған.

Сағат Батырханова, «Арқаның абыз театры» кітабының авторы:

90 жылдық тарих түзілген монографиялық кітап. 40, 60, 80 жылдары қалай жұмыс істеді, соны тізіп, тарихты жазып шығуға тырыстық. Алдағы уақытта 100 жылдықта тағы да толықтырамыз деген ой бар.

Облыста түрлі бағыттағы 4 театр жұмыс істеп келеді. Елдің есінен ерекше орын алар қойылымдарға келушілердің қарасы қалың. Басым бөлігі жастар. Сондықтан өңірге ақсүйек өнерді жаңа бағытпен жаңдандырар жастар театры керек дейді жұртшылық.

Жандос Бақытұлы