Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл саны алпыстан асты
Түркістан облысында спирттік ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 60-тан асты. Осының нәтижесінде елдімекенде ...
Түркістан облысындағы Қарнақ ауылының тұрғындары көптен бері экологиялық мәселеге алаңдаулы еді, деп хабарлайды 24kz.
Ауыл іргесіндегі қоқыс полигонына тұрмыстық қалдықтар бей-берекет төгіліп келген. Енді бұл жағдай бақылауға алынды. Жауапты мекемелердің мәліметінше, полигон аумағы жақын күндері қоршалып, өзге аудандардан келетін қоқысқа тосқауыл қойылады. Бұл ауыл экологиясын жақсартуға ықпал етпек.
Аумағы 3 гектар қоқыс алаңы бірнеше жыл бұрын ашылған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бастапқыда жергілікті тұрғындар ғана қатты тұрмыстық қалдықтарын тастап жүрген. Кейін көрші ауыл, аудандардан да қоқыс тастайтындар көбейіп, полигон аумағы ұлғайып кеткен.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Ауыл іргесіндегі аумағы ат шаптырым жердің барлығы шашылып жатқан қоқыс. Мұнда қапқа салынған тұрмыстық зат та, малдың өлексесі де жатыр. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Қаңғыбас ит-мысықтар мен ауыл тұрғындарының өріске шығарған төрт түлік малы да азығын осы қоқыстан тауып жеуде.
Ауыл халқын алаңдатқаны да осы. Қоқысқа жайылған малдан ертең ауру тарай ма деп қауіптенеді. Ауыл ақсақалы Ахметжан Ергешов: «Сыртын қоршап қойса, мал кірмес еді», - дейді.
Ахметжан Ергешов, ауыл ақсақалы:
- Полигонға сырттан Иқан, Қарабұлаққа дейін келіп, қоқыс тастаған кездер болды. Бұл ауылға арналғаннан кейін ауылдың тұрғындарының күл-қоқысын тастайтын жағдай болуы керек. Қалаған адам келіп тастай берсе болмайды ғой.
Қарнақ ауылы әкімдігі халықтың наразылығына байланысты қоқыс полигонын сенімгерлік басқаруға алған азаматқа бірнеше рет ескерту жасаған. Жалға алушы кәсіпкер осы уақытқа дейін ауа райының қолбайлау болғанын, енді полигон аймағын қоршап, ретке келтіретінін айтып, уәдесін берген.
Арслан Мырзаханұлы, полигонды жалға алушы:
- Қоқысты шұңқырға тастап, ретке келтіріп істейтін болып жатырмыз. Қоршау жағы да қарастырылып жатыр. Мен сұрастырдым, кәсіпкер болғанан кейін басқа жерден де алуға болады екен. Бірақ басқа жақтан алуды тоқтататын болдық. Тек қана ауылдыкі кіреді. Әр жерде шашылып жатыр. Соны бірдей тегістеп, көміп тастаймыз.
Осы мәселеге бойынша Кентау қалалық әкімдігі де полигонды сенімгерлік басқаруға алған азаматтың үстінен Түркістан облыстық экология депаратментіне шағым түсірген. Қазір департамент тарапынан полигон аймағына жоспардан тыс тексеріс жүргізу көзделуде.
Нұржас Нұрболатұлы, Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:
- Тексеріс нәтижелері бойынша арыз-шағымда көрсетілген фактілер анықталатын болса, департамент тарапынан тиісті нұсқамалар беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Айта кетейік, бүгінгі күні Түркістан облысының аумағында тұрмыстық қалдық тастайтын 128 полигон бар. Оның 38-і аудандық, 41-і ауыл жерде орналасқан. 49-ы сенімгерлік басқаруға берілген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов