• 21-11-2025

Министр Жаслан Мәдиев Аlem.ai орталығында не болатынын айтты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев Alem.ai орталығының құрылымы мен болашағы туралы айтып берді. Бұл туралы ведомство басшысы Digital Business-ке берген эксклюзивті үлкен сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомство басшысы сұхбат барысында Астанадағы "Нұр Әлем" ғимаратының әр қабатында не орналасатынын егжей-тегжейлі баяндады. Жасанды интеллект орталығы аталған ғимараттың бүкіл аумағын қамтиды.

Бірінші қабат — іс-шаралар мен хакатондар өткізуге арналған қоғамдық кеңістік болады. Онда AI-музей, AI-кинотеатр, AI-кафе, сондай-ақ жасанды интеллекттің экономиканың әртүрлі салаларында қалай қолданылатынын көрсететін AI-көрме болады. Сонымен қатар, балаларға арналған түрлі белсенділіктермен жабдықталған AI-аймақ қарастырылған. Екінші және үшінші қабаттар TUMO Education бағдарламасына арналады. Біздің есептеуімізше, бұл бағдарлама жылына 11 IT-бағыт бойынша 5-6 мың баланы оқытуға мүмкіндік береді,-деді министр.

Tomorrow School бұл — 18 жастан асқан жастарға арналған peer-to-peer форматындағы жасанды интеллект мектебі, "Нұр Әлем" ғимаратының төртінші және бесінші қабаттарында орналасады.

Ведомство басшысының нақтылауынша, оқу ұзақтығы 18 бен 24 ай аралығындағы ағындарға жыл сайын шамамен 1000 адам қатыса алады.

Министрдің айтуынша, алтыншы қабатта стартаптарға арналған AI-кампус құрылады.

Қазір Astana Hub-та 1500-ден астам стартап-резидент бар. Олардың шамамен 10 пайызы — жасанды интеллектке негізделген стартаптар немесе ИИ технологияларын қолданатын жобалар. Бұдан бөлек, біз AI-Preneurs деп аталатын өзіміздің акселерациялық бағдарламамызды жасадық. Бұл бағдарламаға шамамен 50 адам қатыса алады. Олар үшін есептеу ресурстары, датасеттер, LLM және арнайы тренингтер ұсынылады. Қатысушылар топтарға бірігіп, стартаптарын жасай бастайды. Нәтижесінде, бағдарлама соңында әрқайсысының өз шағын жобасы дайын болады, — деді министр.

Жетінші қабатта ірі технологиялық компаниялардың ҒЗТКЖ орталықтары (R&D) мен AI-зертханалары орналасады.

Алдын ала келісімдерге сәйкес, бұл қабатта Google Training Engineering Center, Apple Vision, TON, Presight, Telegram зертханалары ашылады. Сонымен қатар, Kaspi, Freedom, Yandex Qazakhstan, InDrive сияқты отандық технологиялық брендтер де ұсынылады. Бұл — ірі компаниялар студенттерді жұмысқа тартатын, нақты тапсырмалар беретін, тиімділігі дәлелденген стартаптарды сатып алатын қабат болады, — деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.