Алматы ТЖД басшысы қызметінен кетті
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиқызының айтуынша, Атығаевтың қызметінен кетуі Назар ...
Инватакси қызметі енді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетіледі.
Жауапты министрлік әзірлеген жаңа жоба қазір «Ашық нормативтік құқықтық актілер» алаңында талқыланып жатыр.
Қазіргі уақытта инватакси қызметі жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы көрсетіледі. Яғни мемлекеттік сатып алу туралы заңмен реттеледі. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандардың қалаған уақытында көлікке қол жеткізе алмай, жолдан қалған кездері аз емес. Себебі машина жетпейді. Ескілерінің жүргенінен тұрғаны көп. Сондықтан әлеуметтік қызметті жетілдіру уақыты піскен мәселе, дейді қала билігі.
Аманат Сұлтанғазиев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары
- Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша шамамен 3 мыңға жуық адам инватакси қызметін алып отыр. 2022 жылдан бастап Алматы қаласының әкімдігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жыл сайын инватакси қызметінің әдістемесін қайта қарау және бұл қызметті мемлекеттік сатып алу саласынан бәсекелестік ортаға, яғни әлеуметтік қызметтер порталына көшіру қажеттігі жөнінде ұсыныс жолдадық.
Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбек өзі сияқты жандардың мәселесін жиі көтереді. Инватакси қызметі мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуі үшін аса қажет, дейді ол. Сондықтан көліктің қолжетімді болуы маңызды. Мүгедектер қоғамы тарапынан жаңа жобаға бірқатар ұсыныстар берілген. Әсіресе аймақтардан келетін азаматтар инватакси қызметінен шет қалмауы тиіс, дейді ол.
Ұлан Іңкәрбек, қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:
- Қазір талқылап жатырмыз ғой, сол енді өзім бұрыннан бері айтып келе жатқан мәселе көтеріп келе жатқаным, мысалы басқа шаһардан адам коляскамен келе жатса, олар қызмет ала алмайды. Өйткені бұл тек қана местный бюджеттен қаржыландырады. Одан кейін барып ол жерде тіркелесің. Тіркелген адамдар ғана қызмет ала алады. Басқа өңірден келгендер өздерінің мәселесін өздері шешуге мәжбүр болады.
Инватаксиді жалдау әлеуметтік қызметтер порталына көшірілсе көлік күту уақыты қысқарады. Сыбайластықтың жолы кесіліп, ашықтық орнайды. Ең бастысы – мүгедектігі бар адамдар қызмет көрсетушіні өздері таңдай алады.
Аманат Сұлтанғазиев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Әлеуметтік қызметтер порталы – бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпараттық жүйе арқылы қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Бұл өте ыңғайлы. Сондай-ақ бұл портал мемлекеттік сатып алусыз қызмет көрсетушілердің тізімін кеңейтуге жол ашады.
Инватакси қызметін Әлеуметтік қызметтер порталына көшіру жобасы 6 тамызға дейін талқыланады. Жаңа форматты биыл пилоттық режимде іске қосу жоспарда бар.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Мұхит Құдықбаев