• 21-11-2025

Алматы тау кластері жыл бойы қызмет көрсететін ірі туристік жобаға айналады

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Алматы мен Алматы облысындағы тау шаңғысы туризмін ерекше атап өтті, деп хабарлайды 24kz.

Алға қойылған міндет – заманауи инфрақұрылым құру. Бұл елімізге туристердің көптеп келуіне, жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Алматы тау кластерін дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда?

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Алматы қаласы еліміздегі туризм көрсеткіші бойынша алда келеді. Оған Алматы тау кластерінің әсері бары сөзсіз. Туристер мегаполиске тиіп тұрған таулы демалыс орындарына бармай кетпейді. Соңғы жылдары «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніне келушілер саны артқан. Әсіресе, демалыс және мереке күндері жүктеме 2,5 есеге көбейіп, тәулігіне 15 мың адам таулы аймақта демалған. Келушілер көп болғандықтан тау-шаңғы жолдары шамадан тыс толып, аспалы жолдарға ұзын-сонар кезек көбейген. Мұның бәрі инфрақұрылымның жеткіліксіз екендігін көрсетеді.

Архат Тоқтарханов, Алматы қаласы бойынша гид-экскурсовод:

- Осыдан бес жыл бұрын салыстыратын болсақ, инфрақұрылым өте жақсы дамыды. Локацияларда отыратын орындар, тамақ ішетін жердің бәрі толыққанды ашылды, толыққанды жасалды. Бірақ әлі де біздің инфрақұрылымды дамыту қажет деген ойдамын. Себебі кейбір туристік объектілерге барған кезде отыратын жер, баратын дәретхана да жоқ. Сол жағынан әлі де дамытатын жерлер бар деген ойдамын.

Қазір Алматы тау кластерін дамыту үшін кешенді жоспар әзірленуде. Ауқымды жобада мамандар әлемдік тәжірибеге сүйенбек. Аумақтың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып аспалы жолдар, тау-шаңғы трассаларын салу, кемпингтер, визит-орталықтар, туристік бағыттар құру жоспарланған. Жоба жүзеге асса, Алматы тау кластері жыл бойы қызмет көрсететін ірі туристік жобаға айналады.

Айбол Мұратхан, Алматы қ. Туризм басқармасы тау кластерін дамыту бойынша бас менеджер:

- Тау кластеріне тоқталатын болсақ, иә қазір келушілер саны демалыс орындарының қабылдау мүмкіндігінен асып кетіп отыр. Біз ірі туристік жобаларды әзірлеу тәжірибесі бар халықаралық компанияларды тартуды көздеп отырмыз. Mastercard деректеріне сәйкес ең көп сұранысқа таулы туризм, хайкинг, веломаршруттар және экотурлар ие. Сондықтан жаңа бағыттар құру, соқпақтарды абаттандыру, көлік қолжетімділігін арттыру және экожүйелерді сақтау шараларын енгізу арқылы тиісті инфрақұрылымды дамыту көзделуде.

Алматы тау кластерін дамыту жоспары «Шымбұлақ» және «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курорттарын, «Кімасар», «Бутаковка» және «Pioneer» шатқалдарын қамтиды. Қазірдің өзінде Алма-Арасан шатқалындағы жаяу жүргіншілер жолы жаңғыртылып, абаттандырылды.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Алматының тағы бір туристік жауһары – Алма арасан шатқалы. Бұл жер ыстық бұлақтарымен, тау өзенімен танымал. Тау шатқалы туристердің жиі келетін жері. Жақында бұлаққа дейінгі бағыт қайта жаңғыртудан өтті. Тау беткейлері нығайтылып, көпірлер қайта жасалды. Енді келушілер қауіпсіз саяхаттай алады.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға бір миллионнан аса турист келген. Олардың төрт жүз мыңға жуығы шетелдік қонақтар. Араларында Үндістан, Қытай, Түркия, Германия, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген туристер бар.

Нихил Моханан, турист (ОАЭ):

- Біз Дубайдан Алматыға келдік. Мұнда бәрі қатты ұнады. Мен бала кезімде нағыз алма бақтарын көруді армандайтынмын. Сол үшін осында арнайы келдім. Сонымен қатар мұндағы табиғи орындардың барлығын дерлік аралап шықтым. Өте әдемі. Адамдарыңыз өте сыпайы. Тауларыңыз бен өзендеріңіз керемет. Бізге бәрі ұнады. Әсіресе, осындағы Алма-Арасан аймағы ерекше әдемі екен.

Тағы бір қызық дерек: биыл танымал CNN Travel басылымы Алматы қаласын ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына қосты. Ал Booking.com платформасы жыл сайынғы сараптамалық есебінде Алматыны әлем бойынша туристер арасында қарқынды танымал болып келе жатқан бағыттардың бірі ретінде көрсетті. Тау кластерін дамытсақ, еліміздің демалыс орындары әлемге танылып, Қазақстанның ұлттық брендіне айналары сөзсіз.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев