
Кейінгі 6 жылдың ішінде елімізден өтетін транзиттік тасымал көлемі 76% өсті, деп хабарлайды 24kz.
Былтырдың өзінде әлем елдерінің алыс-берісіне тиесілі 34 млн тонна тауар Қазақстанды кесіп өткен. Ал жүк жөнелтудің жалпы көлемі бұдан 10 есе көп.
Ел билігі көлік тасымалынан зор мүмкіндік көріп отыр. Дәл осы салаға қыруар қаржы тартып, ірі ауқымдық жобаларды жүзеге асыру басталып кетті. Ол қандай жобалар, қай бағыттардың әлеуеті жоғары?
Бекзат Аманов, тілші:
- Расымен, Қазақстанның көлік-транзиттік мүмкіндігі мол. Жуырда ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент негізгі 4 саланы атаған еді. Көлік тасымалы соның қатарына енді. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық, тіпті жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе алатын әлеует бар екенін жеткізді. Біз бұл сөзді мемлекет осы саланы серпілтуге баса назар аударады деп топшылаймыз. Иә, әлемнің логистикалық алпауытына айналуға географиямыз мүмкіндік береді. Оны қарапайым тілмен түсіндіре кетсек, Қазақстан – Шығыс пен Батыс ортасындағы көпір. Әлемнің жетекші нарығын Қытай деп алатын болсақ, негізгі тұтынушы Еуропа саналады. Екі тараптың алыс-берісі көп екені айтпаса да түсінікті. Енді осы жүктер Қазақстаннан өтсе, әр тауардан қазына толығады. Осы межеге жету үшін көптеген жұмыс атқарылды ғой. Оның жемісін де көре бастадық. Бірақ мәселе де аз емес. Алдымен жетістіктерге тоқталсақ. Мысалы кейінгі 5 жылда Транскаспий халықаралық көлік дәліз арқылы өтетін тауарлар 6 есе өсіпті. Ал қазақстандық өнімдердің экспорты 12 есе өскен. Демек, жаңа бағыттарды ашу арқылы тек өткізуші ғана емес, өндірушілік позициямызды да нығайтып жатырмыз. Ресми сандарға көз жүгіртейік.
Теміржол арқылы жүк тасымалдау көрсеткіші жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр 300 млн тоннадан аса тауар жеткізілген. Өсім – 6,7%. Ал теңіз арқылы 7,5 млн тонна тауар жөнелтілді. Өсім – 20%. Бұған Транскаспий халықаралық бағыты әсер еткен. Автомобиль арқылы 9 млн тоннадан аса жүк тасымалданды. Бұл жақта да өсім – 22%.
Жүк тасымалы (2024ж.)
Теміржол – 303,2 млн тонна
Су көлігі – 7,5 млн тонна
Автокөлік – 9,3 млн тонна
Ал енді транзиттік жүктерді бөлек алып қарастырсақ, былтыр елден 35 млн тоннаға жуық тауар өткен. Кейінгі 6 жылда көрсеткіш 76%-ке өсті. Әлем бір-бірімен қатынасты Қазақстан арқылы құра бастады деуге болатын сыңайлы. Жүктердің дені теміржол арқылы жөнелтілген. Нақты айтсақ, 17,5 тонна. Ал автомобиль арқылы 7 млн тоннаға жуық тауар өтті. Міне, ресми сандар серпілісті көрсетіп тұр. Бірақ бұл жемісті жолдың басы ғана. Жақын келешекте көлік министрлігі бұл статистиканы екі есе ұлғайтамыз деп отыр. Бұл межеге шетелдегі қазақстандық терминалдардың көмегімен жетпек. Жауапты мамандарды сөйлеткен едік. Бірге тыңдайық.
Транзит (2024ж.)
Тасымал – 34,2 млн тонна
Теміржол – 27,5 млн тонна
Автокөлік – 6,7 млн тонна
Сатжан Өзбеков, ҚР Көлік министрлігі департаменті директорының орынбасары:
- Бұл бастамалар әлемдегі жүктерді Каспий теңізі арқылы өтуге ақпал етеді. Нәтижеінде 2030 жылы Транскаспий дәлізінің транзиттік әлеуеті екі есе ұлғаяды. Бұл сөзді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы да қуаттап отыр. Олардың ауқымды жобалары көп. Елде 2019 жылдан бері 30 мың шақырымға жуық тас жол пайдалануға берілді. Оның мың щақырымға жуығы жаңадан салынса, 4 кмден астамы жаңғыртылған. Ал 24 мың шақырым жөндеуден өткен. Дәл осы уаөытта теміржолда 3 мыңнан аса шақырымға ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір жаңадан 4 бағыт салынып жатыр.
Әліби Төлегенов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» филиалы директорының орынбасары:
- ҚТЖ инфрақұрылымды дамытуда ауқымды жұмыстарын жүргізуде. Мың шақырымнан астам жаңа темір жол жұмысы жалғасуда. Ол – Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал, Алматы станциясының айналма жолы. Достық мойынты және Алматы станциясының құрылысы осы жылы аяқталады. Инфрақұрылым жобалар аяқталғаннна кейін жүк тасымалының едәуір өсімі болжануда.
Жалпы Қазақстанда 13 халықаралық дәліз бар. Оның бесеуі теміржолға тиесілі. Ал сегізі – тасжол. Біз Шығыс пен Еуропаны толықтай байланыстыру үшін Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне мән беретініміз түсінікті. Алайда қазір оның қуаттылығы небәрі 6 млн тонна. Осыған байланысты дәлізді дамытуға бағытталған ауқымды жобалар басталып кетті.
Сатжан Өзбеков, ҚР Көлік министрлігі департаменті директорының орынбасары:
- Ақтау портында осы жылы тереңдету жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ контейнерлік хабтың құрылысы жүріп жатыр. Контейнерлік хаб биыл толықтай қолданысқа беріледі деп күтілуде. Ол порттың қуаттылығын 240 мың контейнерге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Биыл елде локоматив жетіспеушілігі шешілді. Алайда паромдар жеткіліксіз. Теңіз үстінен өтетін су көліктерін Әзербайжаннан алып отырмыз. Бірақ атқамінерлер жыл аяғына дейін 4 танкер келеді деп уәде беруде. Оған қоса, Ұлттық құрылтайда Президент шекара маңындағы аудандарға ерекше көңіл бөлу керегін ескертті. Әдетте көлік-логистика дәліздері осы шекара маңынан өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Одан бөлек, бірқатар ауқымды жобаларды жіпке тізсем, биыл «Қорғас – Шығыс қақпа» аумағында халықаралық әуежай жұмысын бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады. Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді. Жуырда Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын басталады. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Жаңа күрежол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Оған қоса, тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салу ұсынылып отыр.