• 31-07-2025

Алматы қаласындағы "Ақсай" станциясы күзде қолданысқа беріледі

Нысан қарашада іске қосылса 150 мың алматылықты сумен қамтамасыз етеді .

Наурызбай ауданында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін бірнеше нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Наурызбай ауданы әкімі Назира Тоғызбаева айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Наурызбай ауданының басым бөлігі бұрынғы Алматы облысынан қосылған таулы аумақ. Таулы аймақта ауызсу мәселесі өткір. Назира Тоғызбаеваның айтуынша, биыл қараша айында тәулігіне 22 мың текше метр су өткізуге қабілетті "Ақсай" су тарту нысанының құрылысы аяқталады. Нысанның жалпы құны – 29,7 млрд теңге. Қазір жұмыстың 80%-ы аяқталған.

– Су тарту нысанына апаратын 9 шақырым жол мен 5 көпір салынып жатыр. Бұл стратегиялық маңызды нысан ауданның батыс бөлігі мен облыстың Қарасай ауданындағы 150 мың адамды ауызсумен қамтамасыз етеді, – деді Назира Тоғызбаева.

Одан бөлек "Ақжар" жобасының аясында 2024 жылы 14 шақырым су құбыры мен 12 шақырым кәріз желісі салынған. 2025 жылы бұл жұмыс жалғасып, тағы 17 шақырым су құбыры мен 15 шақырым кәріз желісі салынып жатыр.

– "Тастыбұлақ" пен "Таусамалы" жобаларына мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алдық. Бұл жобалар бойынша жоспарланған жұмыстың жалпы құны – 9,6 млрд теңге. Аталған жобалар ауданның орнықты дамуына қажетті мықты инженерлік негіз қалыптастырып, тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен қауіпсіздігін арттырады, – деді аудан әкімі.