• 01-08-2025

Маңғыстау облысында шөп шабу науқаны жүріп жатыр

Маңғыстауда шөп шабу науқаны жүріп жатыр. Шаруалар 30 мың гектар аумақты өзара бөліп алып, қыстың қамына кіріскен. Биыл ауа-райы жаңбырлы болып, шөп жақсы шыққан . Сондықтан мал азығы жылдағыдан көп жиналмақ. Одан бөлек, төрт түліктің жем-шөбіне мемлекеттен берілетін қаржылай көмекті алуға өтінім беру басталған.

Биыл Маңғыстау ауданы аумағында шөп шабуға 15 бригададан өтініш түскен. Былтыр осы жұмысты 12 шаруашылық атқарып, 70 мың түк шөп жинады. Бұл жолы 2 мың тоннадай яғни, 80 мың түк шөп жинау жоспарланып отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Біз қазір аудан орталығынан 150 шақырымда «Қоскеліншек» деген жердеміз. Мұнда бір бригада жұмыс істеп жатыр. Олар күніне 200 түк шөп шабуда.

Бригаданың басшысы Сырымбет Мұхамбетәлінің қарамағында 3 адам жұмыс істейді. Ол шөп шабу үшін 2 мың гектар жерді алған. Бүгінге дейін 3 мың түк жинады. Шаруа өзі үшін де мал азығын жинап әрі, Тұщықұдық ауылының шаруаларына сатып, табыс тауып жатыр.

Сырымбет Мұхамбетәлі, шаруа қожалығының өкілі:

Бұл кәсіппен бұрыннан әкем айналысады, ал қазір біз өскен соң өзіміз де қолға алдық. Пайдасы жаман емес, бәрі еңбектің арқасы. Биыл мал азығын молынан дайындап жатырмыз. Ауылдағы талай шаруа қожалығы келіп, басынан сатып алып кетіп жатыр.

Ауданда шөп шабумен айналысатын бригадаларға ортақ баға бекітілген. 25 келілік бір түк шөп орталыққа жеткізілсе — 800 теңге. Шөп шауып жатқан жерден алса – 600 теңгеден сатылуда. Науқан қазан айына дейін жалғасады. Бүгінде Маңғыстау ауданында 500-ден астам шаруа қожалығы мен 200 мыңнан астам төрт түлік тіркелген. Бұл облыстағы мал басының 45 пайызын құрайды.

Рахымжан Сүлейменов, Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Биыл жауын-шашын мол болғандықтан, жер де, шөп те жақсы шықты. Арыздары мен таңдауына сәйкес жер телімдері беріліп жатыр. Қазір шамамен 30 мың гектар жерге өтінім түсті. Негізінен «Сисем ата», «Мың кісі», «Қоскеліншек» сияқты қырлы аумақтардан өтінімдер келіп түсуде.

Облыста шаруаларға төрт түліктің аналық басының азығына жұмсалатын шығындар құнын арзандатуға арналған субсидия беріледі. Бүгінде мемлекеттік қолдауды алуға мыңнан астам өтініш түскен. Мал азығының субсидиясына өтінім қабылдау 20-желтоқсанға дейін жалғасады.

Аягөз Оралбайқызы