• 21-11-2025

Ұлттық құрамаға оралуға дайынмын - Қамшыбек Қоңқабаев

2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері және Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019) Қамшыбек Қоңқабаев ұлттық құрамаға оралуға дайын екенін айтты.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Боксшы спорт журналисі Аслан Каженовке берген сұхбатында 90 келі салмақ дәрежесінде өзін жайлы сезінетінін айтқан.

”Париж Олимпиадасынан кейін, Азия чемпионатының алдында Қайрат ағайға хабарласып “жолымды жастарға бердім” деп айтқан болатынмын. Азия чемпионатына Айбек барды. Мен әрдайым айтатынымдай, ұлттық құрамаға көмектесуге дайынмын. Токио олимпиадасынан кейін де солай болған өзі. Кәсіпқой бокстағы ұсыныстан бас тартып, “елге, ұлттық құрамаға керексің” дегеннен кейін келіп, бар күш-жігерімді салдым. Өзім жолымды бергеннен кейін жастардың жолын кескім де келмейді. Бірақ, ұлттық құрамаға керексің десе, баруға дайынмын. Кәсіпқой бокстағы 5 жекпе-жектің барлығында 90 келіде жұдырықтастым. Ол салмақта өзімді жайлы сезінемін. Аса ауыр салмақта да өнер көрсетуге болады. Қай салмаққа керексің десе, сол салмақта өнер көрсетуге болады. Асып бара жатқан қиыншылығы жоқ”, — дейді ол.

Желі қолданушылары спортшының бұл мәлімдемесіне қатысты түрлі пікір жазуда.

”Қоя сал, болмайды енді. Уақытың өтті”, “Інім демал, жастарға орын бер”, “Керек емес, Айбек мықты болып келе жатыр”, “Орал қайтадан”, “Тоғамбайдың орнына болады. Тоғамбай жауапты жекпе-жектер де ұтылады”, — деп жазды олар.

Еске сала кетейік, өткен жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында аса ауыр салмақ дәрежесінде (92 келіден жоғары) өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев бірінші жекпе-жегінде испаниялық Аюб Гадфа Дриссимен кездесіп, жеңіліс тапқан еді.