• 10-09-2025

Израиль мен Испания арасы ушықты

Израильге Испания да үн қатты. Ресми Мадрид: «Тель-Авивтің Газадағы әрекеттерін халықаралық құқық пен гуманитарлық нормаларды бұзу», — дейді. Сөйтіп санкциялар енгізуді ұсынып отыр. Бұл арада Израильмен стратегиялық серіктестігін де тоқтатпақ .

Апта басында Испанияның премьер-министрі Педро Санчес Израильдің Газадағы әскери әрекеттерін «геноцид деп» қатаң айыптаады. Тель-Авивке қарсы тоғыз санкциядан тұратын шаралар топтамасын жариялады. Оған қару-жарақ эмбаргосы, Израильге әскери жүк тасымалдайтын кемелер мен ұшақтардың Испания порттары мен әуе кеңістігіне кіруіне тыйым салу, Израиль басып алған аумақтарда өндірілген тауарларды импорттауға шектеулер енгізу сияқты шаралар бар. Испания үкіметі бұл шешімдерді Израильдің Газадағы әскери операцияларына жауап ретінде қабылдағанын мәлімдеді.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Испания үкіметі Газадағы геноцидті тоқтату, оның орындаушыларын жауапқа тарту және Палестина халқын қолдау үшін дереу тоғыз қосымша шараны енгізу бойынша шешім қабылдады. 2026 жылы Газадағы гуманитарлық көмекті 150 миллион еуроға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Дей тұрғанмен Испания үкіметі мен қоғамы Хамастың жасаған террорлық шабуылдары мен адам ұрлау әрекеттерін ешқашан қолдаған емес. Бұл қылмыс және біз оны да айыптаймыз.

Испания билігінің қабылдаған шараларына қарсы жауап ретінде Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар екі испан министріне Йоланда Диас пен Сира Регоға елге кіруге тыйым салды. Израиль бұл қадамды Испанияны «антисемитизмді насихаттау» және «ішкі саяси дағдарысты сыртқы саясатпен жасыру» әрекеті деп түсіндірді. Бұл оқиға 2024 жылы Палестинаны мойындағаннан кейінгі екі ел арасындағы ірі дипломатиялық дағдарысқа айналды.

Гидеон Саар, Израиль Сыртқы істер министрі:

- Испания үкіметі сияқты Хамас насихатының ықпалына еруге болмайды. Онда Орта шығыстағы тұрақтылық бұзылады. Менің ойымша, бейбітшілік үшін Германия, Италия және Хорватия сияқты елдердің жолын жалғастыру өте маңызды. Олар бейбітшілік Париж немесе Мадридтегі шешімдер арқылы емес, екіжақты келіссөздер арқылы ғана орнайтынын түсінеді.

Испанияның Израильге қарсы қабылдаған шараларына Еуроодақтың ресми органдары мен мүшелері әртүрлі көзқарас білдірді. Еурокомиссияның өкілі Кая Каллас Израильге қатысты қосымша санкциялар енгізу мәселесінің әлі де қарастырылып жатқанын хабарлады. Бірақ ЕО мүшелері арасында бұған қатысты ортақ ұстаным жоқ.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач