• 14-03-2025

Президент бірыңғай уақыт белдеуі туралы пікір білдірді

Жақында Үкімет бірыңғай уақыт белдеуінің халық өміріне әсері жайлы зерттеудің нәтижесін жариялаған еді. Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент осы мәселеге қатысты ойын ортаға салды, деп жазады Egemen.kz.

«Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ.

Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», деді Қ.К. Тоқаев.

Мемлекет басшысы маңызды жиында қоғамдық әдеп мәселесіне де назар аударды.

«Сондай-ақ бүгін Бекзат Алтынбеков, одан бұрын Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Светқали Нұржан қоғамдық әдеп мәселесін қозғады. Бұл өте орынды деп ойлаймын. Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет таратушылар бар. Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек», деді Президент.