Еліміздегі футбол мәселесі Ұлттық құрылтайда талқыланды
Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы IV Ұлттық құрылтайда елдегі футболдың даму деңгейіне тоқталды. Клубтардың қаржылық тұрақ ...
Алдағы 4 жылда елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске асады, деп хабарлайды 24kz.
Осы арқылы көлік-транзиттік әлеуетімізді нығайта түсеміз. Мемлекет басшысы Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтай жиынында осылай деді. Ауқымды жобалардың қатарына Орталық-Батыс автожолының құрылысы кіреді. Бастама өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп күтіледі.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- «Жол қуған қазынаға жолығады», — дейді халық. Әрине, жол салынса, өңірлер дамиды. Президент айтқан жаңа күрежол орталық пен батыс аймақтың арасын 560 шақырымға қысқартады. Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы өтетін автожол құрылысын бастау тапсырылды. Яғни, бұл Орталық-Батыс тасжолы Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарын жалғап, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жолымен тоғысады. Одан әрі Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жатыр. Ал ол өз кезегінде Қытай аумағынан Қазақстан, Каспий акваториясы, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға шығады.
Қазір бізге ірі инфрақұрылымдық бастамалар өте қажет. Мемлекет басшысы сол арқылы еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлі артатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.
Орталық-Батыс автожол бағытының жалпы ұзындығы 800 шақырымға созылады. Мамандар екінші санаттағы екі жолақты қозғалыс ашылатынын айтады. Құрылысына отандық және шетелдік инвесторлар қатысады деген болжам бар.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Жол салу деген орта, шағын бизнес дамиды, туризм дамиды көптеген артықшылықтары бар. Екінші, әрине, транзит, стратегиялық маңызы бар. Мен қателеспесем 450 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізіледі, 340 шақырымында мүлдем жол жоқ сондықтан оны салу жоспарда бар.
Болашақта уақыт та, шығын да үнемделеді. Себебі, жаңа жол облыстар арасындағы ара қашықтықты қысқартады. Жүк тасымалы, жолаушылар қатынасы жанданады.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жеке атап өтілді, Торғай өңіріне үлкен ықпал жасалады. Әрине, облыс жабылғаннан бері соңғы кезде тұрмыс сапасы төмендеп, шетте қалып қойған болатын. Бұл жол осы өңірдің ортасынан өтейін деп тұр. Біз көптен бері көтеріп жүрміз. Менің ең бірінші депутаттық сауалым осы Орталық-Батыс тас жолын салу керек деп бастағам. Өйткені бұл сайлаушыларымыздың кезінде бізге берген тапсырмасы.
Бұдан бөлек, Арқалықтағы әуежай қалпына келтіріліп, жаңа аэровокзал бой көтереді. Бұл да Президенттің тікелей тапсырмасы. Жергілікті тұрғындар шағын шаһар облыс орталығы мәртебесіне ие кезде ұшақ қатынасы болғанын айтады. Әкімшілік бөлініс өзгергелі әуе айлағы қаңырап қалған.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл әуежайдың керектігін былтыр су тасқыны болғанда қандай көрінді. Сол жаққа келген тікұшақтар жанармай бітіп қалып ешқайда ұша алмай тұрып қалды. Ең керек уақытта жанармай жоқтығынан. Екінші, ауырған адамдарға келген санавиация екі рет авиациялық жағдай болып аударылып ішіндегі адаммен бірге сондай жағдайлар болды.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Қазір ол жерде құжаттама бітуге жақын көктемде шығып қалады. Жоспар бойынша екі этажды аэровокзалды кешен салынады. Бірінші этапта шағын әуежай болады, содан кейін кеңейе түседі қосымша ұшу-қону жолағы салынады деген жоспар бар.
Ел мен елдің арасында қатынас жақсарса, елді мекендерде халық тұрақтайды. «Қалаға сабылған жастар өңірге оралып, дамуына үлес қосады», — дейді қазыналы қариялар.
Шөптібай Байділдин, өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы:
- Осы жолды Торғай халқы бірнеше ондаған жыл күтіп келеді. Міне, сол ойлап жүрген мақсатымыз басталды деп қуанып жатырмыз. Біздің Торғайда қаншама қазба байлықтар бар. Мал шаруашылығын дамытуға қаншама көлемді аймақтар бар. Егін егуге қаншама тың жерлер жатыр осы жерде. Осылардың бәрінің келешекте ашылуына осы жолдың көп септігі тиеді. Сондықтан бүгінгі күні ел сүйіншілеп, Мемлект басшысына, облыс, қала басшысына да рахметтерін айтып жатыр.
Елде кейінгі 6 жылда республикалық маңызы бар 4400 шақырым күрежол қайта жаңғыртылды. Былтыр рекордтық 12 мың километр көлік магистралінің сапасы жақсарды.
Әсілінде, сан ғасыр шетсіз-шексіз сары даланы салт атпен кезген халқымыз жол азабын өзгеден артық білмесе, кем білмес. «Жақсы жол – тіршіліктің, экономиканың күретамыры», - дейміз. Бүгінде өзге елмен алыс-берісін арттырамын деген кез келген ел ең алдымен даңғыл жолын салуға ұмтылады.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Жандос Битабаров