• 26-03-2025

Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей өкілдері келіссөз жүргізіп жатыр. LIVE

Украинадағы қақтығысты реттеу үшін АҚШ пен Сауд Арабиясы бітімгер миссиясын ұстанып, ұрыс қимылдарын 20 сәуірге дейін тоқтатуға барын салуда , деп хабарлайды 24kz.

Алайда нақты уақыты өзгеруі де мүмкін.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Жидда тағы бір мәрте әлемдік геосаясат үшін маңызды келіссөз алаңына айналды. Сауд Арабиясында осымен үшінші рет АҚШ, Ресей және Украина өкілдері бас қосты. Әуелі АҚШ пен Ресей, содан кейін АҚШ-Украина тараптары кездесті. Бұған дейін ақпанда, одан кейін наурыздың алғашқы жартысында кездескен. Президент Трамп пен Зеленскийдің жанжалынан кейін тараптар алғаш рет дәл осы Сауд Арабиясы жерінде жүздесті.

Нәтижесінде Украина мен АҚШ арасындағы келіссөздер алға жылжыды. Барлау қызметінің ақпарат алмасу тәжірибесі қалпына келіп, қауіпсіздік саласы бойынша тиісті көмек берілетін болды. Екі елдің президенттері Украинаның минералдық ресурстарын игеру туралы келісімді жылдам жасауға келісті. Ұзақмерзімді бейбітшілікке жауапты арнайы топ жасақталатын болды. Ал Украина ұрыс қимылдарын 30 күнге тоқтату жөніндегі ұсынысты қабылдауға дайын екенін жеткізді. АҚШ бейбітшілікке қатысты Ресейден тиісті әрекет күтетінін алға тартып, кезекті келіссөз алаңына шақырды. Атап өтерлік жайт, Жиддадағы келіссөздерден кейін Ресей мен Украина тұтқын алмасу процесін жүргізді. Күні бұрын Сауд Арабиясына алғаш болып Украина делегациясы жетті. Келіссөз тобын Сергей Умеров бастап келді. Ол жабық есік жағдайында өткен жиынның нәтижелі өткенін хабарлады. Және Украинаның энергетикалық нысандарына қатысты мәселелердің кең талқыланғанын атап өтті.

Енді кезек АҚШ пен Ресей келіссөзіне келді. Бұл басқосудың басталғанына бірер сағат болды. Сәлден кейін мән-жайы белгілі болады. Күн тәртібінде көп тақырып талқыға салынып жатыр. Соның ішінде ұрыс қимылдарын суда және әуеде тоқтату және энергетика нысандарын басқару сынды мәселелер бар.