• 01-04-2025

Неге психикалық аурулар көктем мен күзде асқынады?

Ресми дерек бойынша елде психикалық ауытқушылығы бар 200 мыңнан аса адам есепте тұр, деп хабарлайды 24kz.

Мамандардың айтуынша, олардың дерті көктем мен күзде қозады. Мұның себебі неде? Дертке шипа бар ма? Бұрын мұндай ауытқушылығы бар адамдар қалай емдеген?

Мерей Бает, тілші:

- Астана қаласындағы 450 орынға шақталған психикалық денсаулық орталығы бүгінде лық толы. Онда науқастарға 300-ден аса медицина маманы қызмет етеді. Ал шаһардың өзінде 17 мыңнан аса адам психикалық аурумен есепте тұр. «Дегенмен, олардың бәрі бақылауда, ауытқуы байқалса, бірден резервтегі төсек-орынға жатқызылады», — дейді жауаптылар.

Алмагүл Айтжанова, қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:

- Науқастың шекті түрде өзгерістер байқалатын болса. Айғай-шу шығарып не болмаса өзіне немесе қоршаған ортаға агрессия білдіріп тұратын болса, денсаулық сақтау және денсаулық туралы кодекстің статиясы бойынша оны жұмсақ фиксаж дейміз, соған алуымызға болады. 10 күннің ішінде диагноз қойылады. Одан кейін ол емін жасап болғаннан кейін 1 айдың шамасында керек болса, күндізгі стационарға шығарады.

Елде 200 мыңнан астам қазақстандық психикалық және мінез-құлық бұзылыстары диагнозымен есепте тұр. Олардың 38%-інде ақыл-ой кемістігі болса, 29-ында органикалық психикалық бұзылыстары бар, шамамен 22%-і шизофренияға шалдыққан.

Психикалық аурумен есепет тұрғандар

- 200 мыңнан астам науқас

• ақыл-ой кемістігімен 38%

• органикалық психикалық бұзылыстарымен 29%

• шизофрениямен 22%

Көктемде күн сәулесінің артып, биологиялық ырғақтың өзгеруі аурудың асқынуына әкеп соғады. «Сондықтан көктем шығып, күз келерде психикасында ауруы барларды бақылауда ұстау қажет», — дейді психолог.

Балабек Сақтағанов, психолог:

- Күзде маусымдық ауысулар ауа райының ауысуы кейбір адамдарға қатты тиеді. Сол уақыттарда адамның бойынан серотонин деген гормон аз бөлінеді де, бұл адамдарды әртүрлі депрессияға әкелуі мүмкін. Адам депрессияға әкелген кезде адамның бойынша эмоциялар пайда болады да, сыртқы әркеттерге, күш көрсету, зорлық-зомбылық, өзіне ұнамайтын нәрселерге олар тезірек бейім болады. Және көктемде серотонин көбірек болған соң адамды белсендіреді.

«Психикасында ауытқуы бар адам қай заманда да болған. Бірақ ертеде қазақтар оларды қоғамнан бөлген емес», — дейді Болат Бопай. Этнографтың сөзінше, мұндай дертті халық арасында желік деп атаған. Яғни, олар мезгілдің ауысуын, күннің қысқарып, түннің ұзарғанын көтере алмайды. «Ел ішінде олардың мінезіндегі мінін елемеуге тырысып, қарсы қатты сөз айтпай, алдын алатын болған», — дейді ғалым.

Болат Бопай, этнограф:

- Ермен, жусан, жалбыз сияқты шөптерді үздіксіз ішіп, сол арқылы емдеп отыратын болған. Қазақ ішінде тамыршы, емші дегендер болған ғой. Солар дәрі шөптермен емдеп отырған. Оның алдын солай алған. Бұны күзгі желік, көктемгі желік, жас желік, қыз желік, кемпір желік, шал желік деп атаған ғой. Осы желік кезінде аман өтіп кетсе, онда жаңағыдай қылмыс істерге бармайды.

Елде психикалық ауруға шалдыққандар саны жыл санап артып жатыр. Мәселен 2022 жылы 193 мың адам болса, 2023 жылы тағы 5 мыңға артқан. Дегенмен, олардың 7 мыңға жуығы ғана орталықтарда жатып ем ала алады. Себебі аурудың бастапқы сатысында емдеуге болады. Сондықтан қалған науқастар Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы психикалық орталықтар мен елдегі 85 мекемеде алғашқы медициналық-санитарлық көмек алып жүр.

Алтынай Есқалиева, ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:

- Шизофренияның барлық түрі қауіпті деп айта алмаймыз. Оның себебі – қазіргі күнде бізде психофармакология жақсы дамығаннан кейін, емханаларда басталған медициналық дәрі-дәрмек көмекті, оны қазір емханадан шыққаннан кейін амбулаторлық емханаға келіп-кетіп, психиаторлық орталықтарға келіп жүріп, дәрі-дәрмекті тегін алып, соны уақытымен ішетін болса, әрине. Оның бәрі бүгінгі күнге емделеді.

Мамандар созылмалы психикалық арулар бір күнде пайда болмайтынын ескертеді. Сондықтан баланың бойынан ерекшелік байқалса, бірден мемлекеттік емханаға қаралу қажет. «Ертерек оңалту бағдарламасына кіргізіп, аурудан айықтыруға болады», - дейді психотерапевттер.

Авторлары: Мерей Бает, Ырыстанбек Оспанов