• 14-06-2025

Рәміздегі символдық элементтердің мәні неде?

Қазақстанның мемлекеттік туы, елтаңбасы және әнұраны — халқымыздың тарихи жолы мен мәдени келбетін айқындайтын қасиетті құндылықтар. Бұл рәміздерде бейнеленген таңбалар мен түстер терең символдық мәнге ие. Олар бейбітшілік пен келісімді, туған жерге деген сүйіспеншілікті, тәуелсіздік пен ұлттық рухты дәріптейді.

Мемлекеттік Ту — Тәуелсіздіктің нышаны

Ту – мемлекеттің егемендігі мен бірлігін білдіретін негізгі рәміздердің бірі. «Флаг» термині нидерланд тіліндегі «vlag» сөзінен шыққан, ол – белгілі бір көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата деген ұғымды білдіреді. Ежелден бері ту халықты біріктіріп, оны нақты бір мемлекеттілік құрылыммен сәйкестендіру міндетін атқарып келген.

Рәміздегі символдық элементтердің мәні неде?

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – көгілдір түсті тік бұрышты мата. Оның ортасында – алтын түстес шұғылалы күн, күннің астында – қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Матаның сабы жағында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек орналасқан. Барлық бейнелер – күн, шұғыла, қыран және ұлттық өрнек – алтын түспен берілген. Тудың ұзындығы мен енінің арақатынасы – 1:2.

Түстер мен бейнелердің мәні

Геральдика дәстүрінде әрбір түс пен пішіннің өзіндік мағынасы бар. Көгілдір түс – адалдықты, тазалықты, сенімділік пен рухани биіктікті білдіреді. Сонымен қатар, бұл түс түркі әлемінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер көк түсті киелі деп танып, оны Көк Тәңірімен байланыстырған. Көк ту – арғы ата-бабаларға деген құрмет пен адалдықтың белгісі ретінде қабылданған. Қазақстанның Мемлекеттік туында бұл түс – ашық аспан мен бейбітшіліктің, тұрақтылық пен ел тұтастығының нышаны.

Күн бейнесі – байлық пен молшылықты, өмір мен қуатты білдіреді. Тудағы күн шапағы – алтын масақ пішінінде өріліп, халықтың еңбексүйгіштігі мен ырысын бейнелейді. Сонымен қатар, күн бейнесі еліміздің жасампаз рухын және әлемдік қауымдастықпен ашық ынтымақтастыққа ұмтылысын көрсетеді.

Қыран (бүркіт) – ертеден көптеген елдердің рәміздерінде қолданылып келе жатқан геральдикалық бейне. Ол – биліктің, еркіндіктің, қырағылық пен қайсарлықтың символы. Қазақстан туындағы алтын түстес қыран – мемлекеттің тәуелсіздігі мен қуат-күшін, биік мұраттар мен жарқын болашаққа ұмтылысын бейнелейді. Еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында қыран бейнесі ерлік пен еркіндіктің, адалдық пен тазалықтың көрінісі ретінде ерекше орын алған.

Ұлттық өрнек – мәдени мұраның айшығы

Мемлекеттік тудың сабы жағындағы ұлттық өрнек – оның маңызды көркемдік элементтерінің бірі. Қазақ ою-өрнектері – халқымыздың дүниені көркем қабылдауын, эстетикалық танымын білдіретін ерекше көркемдік жүйе. Түрлі пішіндер мен сызықтардан құралған бұл өрнектер – ұлттың рухани байлығы мен көркем ойлау қабілетінің айқын көрінісі. Тудағы өрнек – қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне деген құрметтің, ұлттық болмысқа деген адалдықтың символы.

Мемлекеттік Елтаңба — Бірліктің бейнесі

Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Елтаңба» (орысша — герб) термині неміс тіліндегі «erbe» — «мұра» деген сөзден шыққан. Бұл ұғым мемлекеттің тарихи және мәдени дәстүрлерін бейнелейтін, символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен белгілер жиынтығын білдіреді.

Рәміздегі символдық элементтердің мәні неде?

Ақорда

Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері өздерін ерекше символ-тотемдер арқылы танытқан. Бұл белгілер кейінірек графикалық ұғым ретінде «таңба» деп аталып, түркілер дәуірінде кеңінен қолданысқа енді. Бұл атау алғаш рет Түрік қағанаты кезеңінде ресми сипат ала бастады.

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде бекітілді. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Елтаңба дөңгелек пішінді, бұл — Ұлы дала көшпенділері үшін өмір мен мәңгіліктің нышаны ретінде қастерленген символ. Елтаңбаның орталық элементі — көгілдір түс аясында бейнеленген шаңырақ (киіз үйдің күмбез тәрізді жоғарғы бөлігі). Шаңырақтан айнала күн сәулесіндей тараған уықтар бейнеленген. Олардың оң және сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар орналасқан. Жоғарғы бөлігінде — бес бұрышты көлемді жұлдыз, төменгі бөлігінде — «Qazaqstan» деген жазу бар. Барлық элементтер алтын түспен өрнектелген.

Символдық мағынасы

Шаңырақ — көне көшпенділер мәдениетінде көк күмбездің, өмірдің, бірліктің символы. Мемлекеттік елтаңбадағы шаңырақ бейнесі — Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйінің, біртұтас Отанының көркем белгісі. Шаңырақтың берік тұруы уықтардың тең тартылуына байланысты болса, мемлекеттің де мызғымас болуы ел азаматтарының татулығы мен амандығына тәуелді.

Қанатты тұлпарлар — елтаңбаның маңызды геральдикалық элементтерінің бірі. Ежелгі дәуірлерде тұлпар бейнесі ерлік, сенім және ерік-жігердің белгісі саналған. Қанаттары бар бұл бейне — Қазақстан халқының тәуелсіз, қуатты және гүлденген мемлекет құруға деген ұмтылысын білдіреді. Сонымен қатар, тұлпарлардың алтын қанаттары егін масағына ұқсап, халықтың еңбексүйгіштігі мен елдің материалдық игілігін меңзейді.

Мүйіз бейнесі де көне көшпенділердің дүниетанымында ерекше орын алған. Ол ежелден жауынгерлік тудың ұшына тағылып, жердің берекесі мен көктің сыйын бейнелеген. Сондықтан қанатты, мүйізді тұлпар — терең тарихи мағынасы бар типтік символдық образ.

Бес бұрышты жұлдыз — әлем халықтарының мәдениетінде кеңінен таралған символ. Ол адамзаттың жарыққа, шындық пен әділетке, мәңгілік құндылықтарға ұмтылысын білдіреді. Елтаңбадағы жұлдыз — қазақстандықтардың әлем елдерімен бейбіт әрі тең серіктестік орнатуға деген ұмтылысын бейнелейді. Бұл — жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдеріне ашық елдің белгісі.

Түстер үйлесімі

Елтаңбада қолданылған негізгі түс — алтын түс. Ол — байлықтың, жомарттықтың және әділдіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір түс — бейбітшілік пен ашық аспанның, тұрақтылық пен үміттің көрінісі. Бұл түстердің үйлесімі елтаңбаның көркемдік тұтастығын қамтамасыз етіп, оның мағыналық салмағын арттырады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы — ұлттың рухани бейнесін, тарихи тамырын және болашаққа деген сенімін білдіретін айрықша рәміз. Ондағы әрбір бейне мен түс – халықтың жүрегінде орныққан, елдік сананы қалыптастыратын маңызды нышандардың жиынтығы.

Мемлекеттік Әнұран — Ұлттық рухтың үні

Мемлекеттік рәміздер — мемлекеттіліктің тұғыры, елдің өзіндік болмысын айқындайтын ерекше белгілер. Соның бірі — әнұран. Бұл — ұлттың жүрегінен шыққан, елдің бірлігі мен тәуелсіздігін паш ететін қасиетті әуен. «Гимн» сөзі грек тіліндегі gimneo ұғымынан шыққан, ол «салтанатты ән» дегенді білдіреді. Бүгінгі ұлт рәмізі ретінде қалыптасқан әнұранның тамыры тереңде жатыр. Ежелгі замандарда-ақ қазақ халқы әр ру-тайпасына тән таңба, жалау, ұран мен әндерді қолданған. Олар жаугершілік замандарда сарбаздарды ерлікке рухтандырып, бірлікке шақыру үшін айтылған.

Рәміздегі символдық элементтердің мәні неде?

Әнұранның мазмұны – елге деген сүйіспеншілік, ұлттық тұтастық пен рухани құндылықтарды арқау етеді. Әрбір жолында – ел тарихы, халықтың арманы мен болашаққа деген сенімі жатыр.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұраны (1992)

1991 жылы егемендігін алған Қазақстан 1992 жылы тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде өз әнұранын бекітуге кірісті. Сол жылы мемлекеттік әнұранның мәтіні мен әуеніне арналған республикалық байқау жарияланды.

Байқау қорытындысы бойынша, Қазақ КСР-інің бұрынғы гимнінің музыкасы негіз ретінде қалдырылды. Бұл әуен — композиторлар Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди және Евгений Брусиловскийдің шығармашылығынан туған туынды еді.

Жаңа мәтінді жазған авторлар – көрнекті ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева. Бұл әнұран ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында халықты рухтандырып, жаңа Қазақстанның бастауы ретінде қызмет етті.

«Менің Қазақстаным» – халық жүрегінен шыққан ән

2006 жылы мемлекет өзінің дыбыстық рәмізін халыққа жақын әрі кең танымал нұсқамен жаңартуға шешім қабылдады. Таңдау «Менің Қазақстаным» әніне түсті. Бұл патриоттық туынды 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің бірлескен еңбегімен дүниеге келген.

Әннің шығу тарихы да ерекше. Кеңес дәуірінде Ақмола қаласын Ресейге беру туралы әңгімелер тарай бастағанда, Шәмші Қалдаяқов қазақ жерінің бөліну қаупіне алаңдап, бұл әнді туған жерге деген адал махаббат пен ұлттық намыстың белгісі ретінде жазған. Ол бұл туындыны қазақ жерінің тұтастығын қорғаудың музыкалық үндеуі ретінде қабылдады.

Әнді алғаш рет белгілі әнші Жамал Омарова орындап, радиодан бірнеше рет шырқалып, ел ішінде кең таралды. Шәмші Қалдаяқов бұл әнге партиялық сипат беруден бас тартып, оны саясаттан тыс, тек туған елге деген адал сезіммен арнағанын ашық айтқан:

Мен бұл әнді өз елім — Қазақстанға арнап отырмын. Саясат емес, шынайы махаббатпен жаздым, — деген еді композитор.

2006 жылғы әнұранның қабылдануы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл әнге мемлекеттік рәміз мәртебесін беру бастамасын қолдап, мәтінге өңдеу енгізді. 2006 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңға өзгеріс енгізіп, «Менің Қазақстаным» әні ресми түрде мемлекеттік әнұран ретінде бекітілді. Содан бері бұл ән — егемен елдің символына айналып, әрбір салтанатты рәсім мен халықаралық шарада шырқалып келеді.

Қазақстанның әнұраны — халықтың үні, мемлекеттің рухани келбеті. Ол ұлттың болмысын сипаттайды, бірлікке үндейді және әр азаматтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятады. Бүгінгі әнұран — тарих пен тағдыр сабақтасқан, ел рухын асқақтататын мәңгілік әуен.

Мемлекеттік рәміздер — елдіктің, егемендіктің, ұлттық сана мен тәуелсіздіктің көркем символдары. Олар әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялататын, ұлтты бірлікке бастайтын рухани тұғыр.