Эпидемиологтар отбасы
Саналы ғұмырын медицинаға арнаған Көпбаевтар әулетін талдықорғандықтар жақсы біледі. Отбасы мүшелерінің барлығы д ...
Тараздық оқушылар жазғы демалысқа шығысымен әлеуметтік желіні әумесер ойынмен шулата бастады. Кәмелет жасына толмаған жеткіншектер арасында жол ортасында қимыл-қоғалыссыз қалатын жаңа ойын түрі жария болды. Өз өмірі мен жол қозғалысына кедергі келтіргендерге тәртіп сақшылары іздеу жариялады.
Елімізде бір жылдары «Көк кит» ойынынан көп баланың тағдыры талқан болғаны рас. Енді әлеуметтік желіде әулиеаталық балалар әуестенген жаңа ойын түрі пайда болғанға ұқсайды. Жат қылықтың желісі кәрістің «Кальмар ойыны» сериалының эпизодына келіңкірейді. Яғни жол үстінде жүріп келе жатқан жеткіншектер кенет кілт тоқтап, біраз уақыт қимылсыз қалады.
Минура Естібаева, қала тұрғыны:
Мұндай ойынды шыны керек IT мамандары сияқтылар ойлап табатын шығар. Яғни оны балалар өзіне қабылдайды және олар не көреді соны жасайды. IT мамандарының арбуына түсіп қалмауы керек. Жаз мезгілінде қазір әлеуметтік желіде көп ойындар пайда болады. Сондықтан оны ата-ана қадағалау керек деп ойлаймын.
Желідегі жұрт балалар сырттағы біреумен серттесіп, виртуалды түрде берілген команданы бұлжытпай орындап жатыр деп болжайды. Немесе олар өзара бәстескен болуы мүмкін.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Дәл осылай көлік нөпірі қалың көшеде қозғалыссыз қалу – қауіпті! Бұлай істеп бала біткен басын қатерге тігіп, арлы-берлі жөңкілген көлік қозғалысына да кедергі келтіреді. Ойсыз ойынның соңы оқыс оқиғаға себеп.
Ал Түркиядан оралған психолог осылай жат әрекетке бару арқылы өрендер өздерін өзге бір ортаға дәлелдегісі келуі мүмкін дейді. Ал көптің көзіне түсуді көшеге шығумен өлшегендердің бұл қылығы ертеңгі күні вирусты идеяға ұласуы ғажап емес. Оның үстіне жол ортасында тұрып қалу челленджі балалар үшін ойын ретінде емес, батылдықтың көрінісі ретінде қабылдануы мүмкін, дейді психолог маман.
Назерке Әзімова, психолог:
Бұған бару себептерінің бірі де балаларға назар аударту қажеттілігі. Яғни «Мен ерекшемін! Мен өзімді, маңыздылығымды осылай көрсетемін!» деген мақсатпен барып жатуы мүмкін. Яғни бұл жастардың импульсивтілігі, басқа адамдардың артында қалып кетемін ба деген қорқынышы жатуы мүмкін.
Ал полиция тарапы ойынға ұқсас оқиға Әл-Фараби мен Сейфуллин көшесінің қиылысында болғанын анықтады. Бірақ бейнебақылау сапасы бұлдыр болғандықтан, жеткіншектердің жеке басын анықтау қиынға соғыпты. Олар бастауыш сынып оқушылары болуы мүмкін.
Арайлым Ізбасар, қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы:
Жол көлік оқиғаларына кедергі келтіруіне байланысты балаларға қазіргі таңда іздестіру шаралары жүргізілу үстінде. Табылған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127- бабы бойынша заңды өкілдеріне немесе ата-аналарына айыппұл салынатын болады.
Желіге жүктелген бейнероликтің қашан түсірілгені де белгісіз. Айта кетейік, Таразда теріс тәртібімен көзге түскендердің тізімінде 214 бала бар. Бұл былтырлығыдан 19 балаға көп.
Данияр Әлімқұл