• 27-07-2025

Польша әскери қуатын арттырып жатыр

АҚШ Польшаға 4 млрд АҚШ доллары көлемінде несие кепілдігін бекітті. Ресми Варшаваның мәлімдеуінше, қаражат мемлекеттің әскери әлеуетін күшейтуге жұмсалады. Әсіресе, әуе және зымырандық қорғаныс жүйесін нығайтуға баса мән берілмек.

Польша бүгінде НАТО-ның жай ғана мүшесі емес, ол альянстың шығыс қанатындағы әскери, саяси және логистикалық тұрғыдан маңызды стратегиялық тірегі. Геосаяси жағдайына байланысты Варшава аймақтың қауіпсіздігіне жауапты белсенді ойыншы. Оның осы ықпалын ескерген АҚШ үкіметі поляк еліне жалпы сомасы 11 млрд доллар көлемінде несие беруді жоспарлап отыр. Оның 4 млрды ресми түрде бекітіліп, тараптар екі жақты келісімге қол қойды.

Владислав Косиняк-Камыш, Польша Қорғаныс министрі:

- Польша Қарулы күштерінің әлеуетін арттыруға және НАТО-ның шығыс шекарасындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталады. Біз Patriot (пэтриёт) зымырандық кешендерін, Apache тікұшақтарын және замануи басқару жүйелерін сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Польша соңғы 3 жылда қорғаныс шығындарын арттырды. 2024 жылы Варшава салаға ЖІӨ-нің 4,1%-ын бөлсе, биыл бұл көрсеткішті 4,7%-ға дейін ұлғайтты. Ал келер жолы оны 5%-ға жеткізуді көздейді. Бұл оны альянстың қорғаныс шығындары ең жоғары мемлекеттердің қатарына қосып отыр.

Брент Кристенсен, АҚШ Мемлекеттік департаментінің сыртқы қызмет офицері:

- Одақтың бейбітшілік, қауіпсіздік және стратегиялық әріптестік саясатын нығайтуға бағытталған тағы бір нақты қадам. Осы келісім арқылы кейінгі 2 жыл ішінде АҚШ-тың Польшаға берген жалпы несиесі 15 миллиард доллардан асты.

Польша 3 жыл бұрын Қарулы күштерін ұлғайту туралы стратегиялық шешім қабылдады. Мақсат — 2035 жылға дейін әскер санын 300 мың адамға дейін жеткізу. Қазір оның қарасы 210 мыңды құрайды. Поляк елі осы арқылы әскерін Еуропадағы ең ірі тұрақты армиялардың біріне айналдыруды көздеп отыр.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач