
Ендігі жерде механикалық тромбоэкстракция әдісі арқылы кенеттен басталатын ми ұлпасы оның қабықшаларының зақымдалуынан мидағы қан айналымы бұзылып, миына қан құйылып немесе тамырлары тромбпен бітеліп қалған (инсульт) науқастың жағдайын толық қалпына келтіруге болады, деп жазады Egemen.kz.
Медицина мүмкіндігін қарыштатып отырған осынау зақымы аз әдіс арқылы тромбты алып тастап, «терапиялық терезені» кеңейтуге болады. Дәстүрлі тромболитикалық терапиямен салыстырғанда, жаңа тәсіл қайтып шипа қонбайтын асқыну қаупін азайтады.
Мұндай операциялар қазір Алматы №4 қалалық клиникалық аурухананың рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінде сәтті түрде жасалына бастады.
«Тромбоэкстракция инсульт алған науқасқа толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік береді. Бұл жерде уақыт басты рөл атқарады: зақымы төмен хирургиялық ота неғұрлым ерте жасалса, толық қалпына келу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Біздің тәжірибемізде жақсы нәтиже бар – инсульт салдарынан сал болып қалған науқастар бірнеше күннен кейін өздігінен жүріп, сөйлей алды», дейді №4 ҚКА нейрохирург дәрігері Алдонғар Айсаутов.
Жолы болған 39 жастағы ер адам №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне тілі күрмеліп, оң аяқ-қолы әлсізденіп, қосарлап көру сияқты инсульттің өткір белгілерімен түсті. Инсульт белгілері анықталған сәттен бастап алты сағат ішінде нейрохирургтар механикалық тромбоэкстракция жасап, науқастың ми қызметін толық қалпына келтірді. Бір аптадан кейін науқас неврологиялық асқынусыз отбасына оралды.
«Невролог, нейрохирург және реаниматолог дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында механикалық тромбоэкстракция ажалдан құтқару стандартының біріне айналып келеді. Бұл әдіс талай науқасты мүгедектіктен сақтап, қалыпты өмірге оралуына көмектесе алады», дейді Алматыдағы №4 ҚКА Инсульт орталығының меңгерушісі Динара Мұханғалиева.