• 26-03-2025

Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтарына сұраныс артты

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Қарағанды облысының Нұра ауданында жұмысшы мамандықтарына сұраныс артты. Егінмен елді асырап отырған аймақта бүгінде механизаторлар тапшы. Сол себепті жергілікті көпсалалы колледж күзден бастап осы мамандық иелерін қысқа мерзімді оқу курстан өткізбекші.

Байтуған ауылының тұрғыны Ардақ Омаров 15 жыл бойы егін шаруашылығымен айналысып келеді. Жылда көктемгі және күзгі науқан кезінде шаруашылықтар механизатор таппай қиналады. Сондықтан сырттан адам жалдауға мәжбүрміз, дейді кәсіпкер.

Ардақ Омаров, Байтуған ауылының тұрғыны:

Жалдаймыз, арасында өзіміз де отырамыз. Барлығы оқып келмейді ғой. Үйрендік оған да. Қазір енді үлкен кісілер зейнетке шығып жатыр. Жастар керек. Оларды оқуға жіберіп жатырмыз.

Қазірдің өзінде «Мансап» орталығына 8 шаруа қожалығынан 12 маман оқытып беруге өтініш түскен. Осыған байланысты Нұра кентіндегі көпсалалы колледжбен арада келісім жасалды.

Ерлан Жүнісов, Нұра ауданы «Мансап» орталығының басшысы:

Бұл 3 айлық курс тегін Үкіметтің тарапынан. Ай сайын оқушыға стипендиясы төленеді. Оқып біткеннен кейін міндетті түрде оларды жұмысқа орналастыратын боламыз.

200 орынға шақталған колледжде тракторшы, автоэлектрик, құрылысшы, аспазшы, тігінші, дәнекерлеуші сынды тапшы мамандар оқытылады. Шалғай ауылдан келіп білім алатындар үшін 100 орындық жатақханасы да бар.

Сайран Сағымбеков, колледж директоры:

Бізге көп ұсыныстар түсті осы шаруашылықтардан. Қазір жұмыс істеп жүрген механизаторлардың жастары зейнетке кеп қалды, айналысатын жастар өте аз деп. Сондықтан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Биылға студенттер келсін деп осы мамандыққа.

Қазір механизаторларды оқыту үшін дайындық жұмыстары басталып кетті. Мысалы оқу орны 94 гектар жер теліміне өтініш берген. Ал Қарағанды облысы бойынша шаруа қожалықтарына әлі 49 механизатор жетіспейді.

Жандос Бақытұлы