• 21-11-2025

Балқаш көлінің деңгейі 32 см-ге көтерілді

Биыл алғашқы алты айда Ертіс өзені арқылы Қытайдан 4 млрд 600 млн текше метр су келді. Сондай-ақ Іле өзені арқылы 5 млрд 600 млн текше метр су жетті. Іледен келген су екінші жыл қатарынан Қапшағай су қоймасын 100%-ға толтыруға мүмкіндік берді. Сөйтіп, Балқаш көліне 8,5 млрд текше метр су жіберілді.

Нәтижесінде жыл басынан бері Балқаш деңгейі орта есеппен 32 см-ге көтерілді. «Бұл Қазақстан мен Қытайдың су мәселесіндегі ынтымақтастық шеңберінде атқарылған жұмыс», — деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі. Биыл наурызда екі елдің су ведомстволары алғаш рет өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжат ресурстарды тиімді әрі тұрақты пайдалану, заманауи технологияларды енгізу, баламалы су көздерін бөлу және игеру жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.