• 21-11-2025

Семейде Конституцияның 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Екі жарым жыл ішінде Қазақстанның Конституциялық сотына 11 мыңнан астам адам жүгінді. Осы кезеңде сот 73 нормативтік қаулы шығарды және Заңның 20 нормасын Конституцияға қайшы деп таныды.

Мұндай жұмыстар азаматтардың құқықтарын қорғауды нығайту үшін жүргізіледі. Бүгін құқық саласындағы сарапшылар бұл мәселені Семей қаласында өткен халықаралық конференцияда талқылады.

Конференция Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орайластырылды. Негізгі мақсат – еңсерілген жұмысты қорытындылау және жаңа ұсыныстар әзірлеу. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев өткен жылы елімізде «Заң көмегі» және AdiletGov екі мобильді қосымшасы, сондай-ақ Азаматтарға арналған 10 цифрлық жоба іске қосылғанын атап өтті.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Әлеуметтік сипатқа ие атқарушылық іс жүргізу саласында тараптар кабинеті мен цифрлық ассистент енгізілді. Енді азаматтарымыз атқарушылық іс жүргізудің барысы туралы жедел онлайн режимде хабардар етіліп, сот орындаушыларының жұмысын тиімді бақылай алады. Атқарушылық әрекеттердің ашықтығы мен цифрлық ассистент азаматтардың құқықтарын проактивті түрде қорғауға мүмкіндік береді.

Конференцияға қатысушылар сот төрелігі жүйесін жақсарту жөнінде ұсыныстар жасады. Сарапшылар қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау, бостандықты шектейтін шаралардың әділдігін қамтамасыз ету туралы айтты.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары:

- Өзбекстан өкілдері енгізілген шектеулердің пропорционалдылығы қағидаттарын мүлтіксіз сақтау қажеттілігіне назар аударды. Мәселен, адам құқықтарының мәніне қол сұғылмауы және Конституцияда белгіленген мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбеу мәселелеріне мән берді.

Конференцияға қатысушылар адвокатура мен нотариатты құқықтарды қорғау институты ретінде одан әрі дамытуды ұсынды. Ал Әділет министрі бұл ұсыныстар жаңа заң жобаларын әзірлеу кезінде ескерілетінін жеткізді.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Берік Жобалайұлы