Гонконг тұмауы бұрыннан бар – вице-министр
Жыл сайын күз-қыс мезгілінде эпидемиологиялық жағдай ушығады. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары ...
Қызылорда облысында эпидемологиялық кезең басталғалы 35 тұрғыннан «Гонконг тұмауының» белгілері анықталған. Жалпы өңірде жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны былтырға қарағанда 21 пайызға артқан. Екі айда 25 мың адам дәрігердің көмегіне жүгінген.
Ел аузында «гонконг тұмауы» деп аталатын вирусты жұқтырғандар көбейіп барады. «Дер кезінде ем алса, сырқат құлан таза айығып кетеді», — дейді дәрігерлер. Бұл — жыл сайын тіркелетін инфекция түрі. Десек те вирус жылдам таралады. Сондықтан иммуниеті төмен адамдардың сақтанғаны дұрыс.
Шәрипа Әлиева, Облыстық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- Бір жастан 15 жасқа дейін балалар арасында іш өтумен, дене қызуымен өтіп жатыр. Кейбір балаларда салыстырмалы түрде клиницист ретінде қарағанда жөтелмен тамағының ауруымен келіп жатыр. Бізде міндеті түрде медициналық көмекке жүгінген кезде сұрыптау процесі жүреді. Қайсы бағытта іш ауруы мен қызуы басым болған жағдайда іш аурулары бөлімшесіне, ал жөтел мен дене қызуының қатты көтеріліп, тамағының тірелуімен жүрген жағдайда жіті респираторлы вирус отделениесіне жатқызылып жатыр.
Өңірде екі айда 25 мың тұрғын жедел респираторлы вирус жұқтырған. Басым бөлігі — жасөспірімдер. Қалыптасқан жағдайға байланысты тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Мая Мырзанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 205 төсекке арналған болатын. Яғни науқастар сыймағандықтан 100 төсек орынға кеңейттік. Ересек науқастарға Берке хан 100 мекенжайында орналасқан облыстық фтизиопульмонология орталығы бүгінде қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Соның бос ғимаратына ересек науқастарды бөлген болатынбыз. Одан бөлек көпбейінді облыстық балалар ауруханасында пневмания, бронхит тыныс алу жолдарының төменгі бөлігінің 80 орынға дейін көбейттік.
Эпидемиологиялық ахуалға байланысты өңірдегі медициналық мекемелерде бетперде кию міндеттелді. Ал мектеп пен балабақшаларда термометриялық тексеріс енгізілді. Жедел жәрдем бригадаларының саны 75 мен 81 ге дейін көбейтілді.
Әлия Әбдікаимова, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Температуралық режим, дез режим дейміз, инфекцияға, індетке қарсы шаралардың барлығы бақылауда. Сонымен қатар облыс бойынша 86 мың доза вакцина алынды. 99,9 пайыз екпе жүргізіліп, бәрі қамтылып отыр. Сондай-ақ, жұмыс берушілер тарапынан 2 мың доза вакцина алынды және жұмысшыларға екпе жүргізілді.
Аймақта арнайы мамандардан жасақталған штаб құрылды. Олар жағдайды бақылауға алып, сараптама жүргізеді. Егер сырқаттанғандар саны артатын болса, қатаң шектеулер енгізеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Райхан Тәжібаева, Акан Алиев