
18-19 сәуір күндері Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы алғаш рет І Республикалық «Серпер» ұлттық өнер байқауын өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шараның мақсаты – ұлттық мәдениет пен өнердің озық дәстүрін жаңғырту және дамыту, қазақ халқының бай мәдени музыкалық мұрасын насихаттау, қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына баулу.
Аталмыш байқау 6 номинация бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, «Домбыра», «Қобыз», «Прима қобыз», «Шертер», «Жетіген», «Сыбызғы» номинациялары бар.
Байқау екі кезеңнен тұрады. I кезең (іріктеу) 2025 жылғы 26-28 наурыз аралығында онлайн форматта өтеді. «Домбыра», «Қобыз», «Сыбызғы» номинациялары бойынша ІІ кезең – 2025 жылдың 18 сәуірінде офлайн форматта ұйымдастырылады. Ал «Прима қобыз», «Шертер», «Жетіген» номинациялары бойынша ІІ кезең – 2025 жылғы 19 сәуір күні офлайн форматта өтеді, — делінген мәліметте.
Байқауға 18 жастан 35 жасқа дейінгі республикалық және халықаралық байқаулардың, телевизиялық конкурстардың жеңімпаздарына, Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер саласындағы оқу орындарының студенттеріне қатысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ байқаудың ІІ кезеңіне әр номинация бойынша 10 өнерпаз ғана өтеді.
Қазылар алқасының құрамында «Қазақконцерт»ұйымының әртістері және Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері бар. Олар қатысушылардың орындау шеберлігін, сахналық бейнесі және әртістік шеберлігін анықтап, баға береді.
Айта кетейік, байқауға өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 10 ақпаннан 25 наурызға дейін жалғасады.
Жеңімпаздарды марапаттау 2025 жылдың 20 сәуір күні өтеді.