Елімізде қанша ескі көлік бар?
Тозығы жеткен автомобиль мен ауыл шаруашылығы техникасының иелері 2 млн теңгеге дейін жеңілдік сертификатын ала алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ескі көліктерді жоюға қабылдау мемлекеттік бағдарламасының өзекті тұстарын түсіндірді.
Тәртіп бойынша, ескіріп, қолданыстан шыққан көліктер және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникаларын жоюды, бағдарлама операторы – "Жасыл даму"АҚ шарт жасасу нәтижесінде қайта өңдеушілер желісі жүргізеді.
Бағдарламаға қатысу үшін екі кезеңнен өту қажет:
– Құжаттарды (паспорт, тіркеу туралы куәлік, тексеру актісі) қоса бере отырып, "Жасыл даму" АҚ платформасында онлайн-өтінім беру.
– Бөлшектерінің толық болуын және деректерін тексергеннен кейін қабылдау пунктінде техниканы жеке тапсыру.
Бағдарлама арқылы кез келген жылғы және модельдегі көліктерді тапсыруға болады. Бірақ жиынтық талаптары бар, мысалы, қозғалтқыштың, корпустың және шассидің болуы шарт. Бұл дұрыс өңдеуді қамтамасыз ету және өтемақы алу үшін маңызды.
– Көлікті жою үшін иелеріне "Жасыл даму" АҚ ақпараттық жүйесі арқылы өтінім беру қажет. Өтінім автокөлікті немесе арнайы техниканы жою құқығын растайтын құжаттармен қоса беріледі, – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері.
Ескі автомобильдер мен ауылшаруашылық техникаларын қабылдау пункттерінің толық тізімі, сондай-ақ олардың орналасқан жері оператордың ресми сайтында жарияланады.
Қай кезде көлік жоюға қабылданбауы мүмкін?
Оператор техниканы қабылдаудан бас тартуы мүмкін, егер:
– Құжаттар толық ұсынылмаса;
– Көлік құралы тіркеуден шығарылмаса;
– Өтінімді өкілеттігі жоқ үшінші тұлға берсе;
– Техниканың бөлшектері талапқа сай толық болмаса;
– Құжаттардағы деректер мемлекеттік тіркеудің бірыңғай ақпараттық жүйесіндегі ақпаратпен сәйкес келмесе.
– Бекітілген тәртіпте шағымданудың жеке тетігі қарастырылмаған, бірақ өтініш берушілер келіспеген жағдайда ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы, – дейді ведомстводағылар.
Жеңілдіктер мен өтемақылар
Автокөлік пен арнайы техниканың иелеріне жаңа көлік құралын сатып алған кезде пайдалануға болатын жеңілдік сертификаттары беріледі.
Бағдарлама аясында ақшалай төлем жүргізілмейді. Ал жеңілдік мөлшері көлік санатына байланысты.
Мысалы, жеңіл автомобильдерге жеңілдік – 315 мың теңге, автобустарға – 750 мың теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы техникасына жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін.
– Жеңіл автомобильдер (М1) – 315 000 тг
– Жолаушы көліктері:
5 тоннаға дейін (М2) – 550 000 тг
5 тоннадан астам (М3) – 750 000 тг
– Жүк көліктері:
3,5 тоннаға дейін (N1) – 550 000 тг
3,5-тен 12 тоннаға дейін (N2) – 550 000 тг
12 тоннадан астам (N3) – 750 000 тг
Ауыл шаруашылығы техникасы:
– Тракторлар:
1 жиынтық бойынша – 1 000 000 тг
2 жиынтық бойынша – 560 000 тг
– Комбайндар:
1 жиынтық бойынша – 2 000 000 тг
2 жиынтық бойынша – 1 500 000 тг
Техниканы жою үшін қайда тапсыруға болады?
Бұрын техниканы жоюмен "Recycling Company" ЖШС (Қарағанды) және "Autorecycling" ЖШС-мен (Қостанай) келісімшарт жасасқан "Оператор РОП" ЖШС жеке компаниясы айналысқан.
"Жасыл даму" АҚ қайта өңдеушілермен жаңа шарттар жасасқаннан кейін қабылдау пункттерінің тізімін қайта беруге уәде береді. Шымкенттегі автокөлікті жоюмен айналысатын кәсіпорынның қазіргі жағдайы бойынша ведомство деректердің жоқтығын алға тартып, ақпарат берілмеді.
Көліктерді жою бағдарламасының нәтижесі
2023-2024 жылдары 218 мыңнан астам көлік қабылданды және қайта өңделді, оның ішінде 198 мыңға жуық автомобиль мен арнайы техника жойылды.
– Металл сынықтары мен ішінен алынған компоненттер қалдықтарды өңдеуге лицензиясы болуы міндетті қайта өңдеушілерге беріледі. Пайдалы материалдар жаңа өнім өндіруге жіберіледі, бұл экологияға жүктемені азайтуға және ресурстарды қайта өңдеуді жақсартуға ықпал етеді, – дейді Экология министрлігінің мамандары.