• 18-03-2025

"Балаңызды терезеден итеріп жіберді" – Алаяқтар үрейлі хабарлама таратты

Көкшетауда тәрбиешінің телефонын бұзып, ана-аналарды қорқытқан белгісіз адамдардың ісі қоғамды дүр сілкіндірді.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиға бойынша арыз түскенін мәлімдеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Көкшетау тұрғыны балабақша тәрбиешісіне ұлы ұйқыдан тұрған соң ертерек алып кететінін айтып, хабарлама жіберген. Сол-ақ екен, одан баласына қатысты жантүршігерлік жауап келген.

– Әлі де өз-өзіме келе алмай отырмын... Мен тәрбиешіге Сәлімді (ұлын айтады – ред.) балабақшадан ертерек алып кеткім келетінін жаздым. Сол сәтте не сезінгенімді білсеңіздер ғой... Көлікте кіші ұлым болған еді, мен оны сыртқа шығарып жібердім. Содан кейін айқайлап, балабақша директорына қоңырау шала бастадым, – дейді баланың анасы әлеуметтік желідегі жарияланған бейнежазбасында.

Әйелдің сөзінше, тәрбиешінің телефонын бұзған белгісіз адамдар басқа ата-аналарға да үрей тудыратын хабарламалар жіберіп үлгерген.

14 наурыз күні балабақша тәрбиешісі WhatsApp мессенджерінің бұзылғаны туралы арыз бергені белгілі болып отыр. Бұл дерек Көкшетау полициясында тіркеліп, тексеріс жүргізіліп жатыр.

– Жарияланымда көрсетілген деректер тексеріліп жатыр, егер расталса, тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар, 2025 жылғы 14 наурызда Көкшетау қаласындағы балабақшалардың бірінің тәрбиешісі WhatsApp мессенджерінің бұзылуы туралы арыз берген. Бұл арыз Көкшетау қалалық Полиция басқармасының ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді. Қазіргі уақытта осы мәселеге байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр, – деп хабарлаған Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.